Жақында Шыңғырлау ауданының ежелден келе жатқан елді мекендерінің бірі Ақбұлақ ауылдық округінің мерейлі 70 жылдығы аталып өтілмек. Кезінде мыңғыртып мал өсіріп, жайқалтып егін салған совхоздардың бірі. Еліміздегі барлық колхоз-совхоздарды тұралатқан 90-шы жылдарды да бастан өткерген ауыл-аймақтың бүгіндері аяқтан тік тұрып, өрлеуге қарқыны жеткен. Қазіргі таңда округ бойынша 20-ға жуық шаруа қожалығы және жеке аула шаруасымен айналысатын тұрғындар саны көбейіп, ауылдың әл-ауқатын, әлеуетін көтеріп келеді.
Кезінде көше кезіп, асық ойнаған ауыл балалары бүгіндері бата берер ауылдың ақ сақалды қарттарына айналған. Сол ауылмен бірге өсіп-өнген ұрпақ ауылдың сонау өткенінде ұмытпасы шындық. Осы жердің көркеюіне үлесін қосқандар-мал бағып, трактор айдаған, қырманда еңбек еткен үлкендердің жолы кішілерге үлгі. Бұрын әке-аталарының әңгімелерін тыңдап өскен ұрпақ, бүгінде олар туралы естеліктерімен бөлісіп, әрі қарай жалғастырып келеді.
Солардың бірі, Тасмоланың байырғы тұрғыны Серік Сағынғалиев те көптеген естеліктерімен бөлісіп жүр. Соның ішінде әкесінің бауыры туралы да ақбұлақтықтар ұмтытпасыншы дейді.
«Өзім Шыңғырлау ауданы, қазіргі Ақбұлақ округі (бұрынғы «Чиликский» совхозында) туып өстім. Менің тәтем (әкемнің ағасы) Сағынғали Сұлтанғалиев осы жерде елеулі адам болды, осы елге, жерге айтарлықтай еңбегі сіңді. Сағынғали тәтем елін қорғаған майдангер ретінде де көпке танымал, ұрпақ тәрбиелеген ұлағатты әке бола білді», - дейді.
Өрімдей жас кезінде (20 жасында) 1945 жылы Қаратөбе топырағынан сұрапыл қан майданға аттанған. 5 жылын оқ пен оттың астында жүріп өткізген. Жеңіс туын Берлинге тіккенше барлық майдан жолын кесіп өткен. Новогород түбінен басталған шайқастан бастап Литва, Вильнюс, Калининград, Ленинград, Гданск, Варшава, Щецин қалаларын жаудан азат етуге қатысқан.
Тек әттең-айы сол, С.Сұлтанғалиев туралы нақты мәліметтер уақтылы қолға тимеген. Тек, бертін келе Ресей мұрағаттарынан ізі шығып, Сұлтанғалиев Сағынғали Аванчиновичтің – Сұтанғалиев Сағынғали Аманжолович екендігі дәленденіпті. Әйтсе де Сұлтанғалиев жеңісті жақындатқандардың, сондай-ақ Берлинде Жеңіс күнін тойлағандардың бірі болып тарихта қала бермек.
Соғыста артиллеристердің 200-ші атқыштар дивизиясында болған. Дивизияның ішіне 642, 648, 641 полктар кірген. Соғыстың қиын күндерін көп айта бермейтін, тек бір екі сәтін айтумен ғана түсінікті ететін.
Мысалы полк, дивизия ұжымдасып соғысуының арқасында адамдардан көп шығын болмайтын, тек жау біздің шептен атыс нүктесін байқап қалған кездері оқ қарша борап, екі жақтың атысы көпке дейін тоқтамай, қым-қуыт болады. Тағы бір сәттердің бірін айтқанда, траншеяда жаунгерлер тамақтанып отырған сәтте ортаға снаряд түскен кездері де болғанын еске алып жаралы аяғын сипап ұзақ отырады екен. Артиллерия жауға шабуыл жасаудан бұрын әзірлік жұмыстары өте ауыр болған, әлжуаздарға шыдас бермейді, ондайда мықтының мықтысы Сағынғалиев талайды таңдандырған.
Сол бес жылғы көргенін кейінгі ұрпақ көрмесін деген тілегін айтады екен. «Ерен ерлігі үшін» медалін алған, Берлинге жақындаған тұста жаудың дзотын талқандап, жауынгерлердің жолын ашып бергені үшін «За отвагу», «Берлинді азат еткені үшін» тағы да бірнеше медальдармен марапатталған. Естеліктерін еске алса, Сағынғали Аманжолұлын білетіндер оның шымыр, күш-қайраты бойында тасыған, ер тұлғалы болғанын айтады екен. Бойы 190 метр, тау тұлғалы аталарын әлі күнге ұрпақтары мақтан тұтады.
Елге аман-есен оралған соң Қаратөбеден көшіп, Шыңғырлаудың Шілік совхозына қоныс аударады, Қарақай аулында малшы болып, кейіннен совхоздың жылқысын баққан. Ауылда абыройға бөленіп, еңбегі еленіп, басшылықтың да, ауылдастарының да мерейіне бөленіп жүрді. Қайрымдылығымен талайдың есінде қалған жанның жан-жары Қанипа апай да еңбекқор, қонақжай болған. Ел қатарлы еңбек етіп, бала өсіріп, тәрбиелі, тәлімді және жеріне, еліне деген құрметі бойларына біткен ұрпақ тәрбиеледі.
Үлкен қызы – Ақиіс дүкенші болды, Бақтылысы жылқышыдан бастап ферма меңгерушілігіне дейін көтерілді, мамандығы-зоотехник, ал ұлы Амангелді мәдениет саласының маманы, клуб меңгерушісі, Аманғалиы – көлік жүргізушісі, кіші қызы Ырысты есепші мамандығын меңгеріп, өз кәсібін дөңгелеткен.
Міне, бәрі де әке жолын қуып, адал еңбек етіп, ұрпақ сабақтастығын жалғастырып отыр.
Ақбұлақ округінің мерейтойы қарсаңында осы жерде өмір сүрген еңбек адамдарын тағы бір еске алу олардың ұрпағының да, ауылдықтардың да бір парызы деп білеміз.
Айсұлу Муса
Шыңғырлау ауданы