Жыл сайын қазан айы елімізде қарияларға қарайласу, қолұшын созу айлығы болып келеді. Шыңғырлау ауданында да осы айлық аясында біраз мейірбандылық шаралары жүзеге асады, әрі мұндай игі қадамдар маусымдық бағыт болып қалмай, жыл бойы жалғасып та жатады.
Биылғы жылы да күзгі жиын-терін аяқтала келе Ақбұлақ ауылдық округіндегі шаруа қожалықтарының басшылары ауылдастарына көмек беру мақсатындағы жұмыстарды қолға алғанды.
Көп жылдар бері «Альтаир» шаруа қожалығын басқарып келе жатқан Әлібек Имақаев дәстүрлі игі шарасын жалғастырып, ауылдағы екі зейнеткерге бір-бір тіркемеден тегін шөп түсіріп берді.
Сонымен қатар ол ауылдағы мал бақташысымен мен «Қаладан – ауылға» бағдарламасымен келіп қоныстанып жатқан отбасыға да осындай көмегін беріп отыр.
Әлібек – ауылдағы көмекке мұқтаж жандардың мұң-мұқтажын біле қалса өтіндіріп сұратпай-ақ қолұшын беріп келе жатқан жандардың бірі.
Қысты күні ауылдың көшелерін қардан тазартып жүрсе, енді бірде тіркемесімен ауылдағы жиналып қалған күл-қоқыстарды шығарып жүргені.
Сонымен қатар Ақбұлақта өтіп жатқан түрлі шараларға да белді демеуші болып келе жатыр. Азаматтығы мен адамгершілігі тең түсіп жатқан осындай мәрт жанға ауылдастары әркез ризашылығын білдіріп, алғыстарын жаудырып жатқаны.
Ақбұлақтықтар мақтан ететін тағы бір ел ағасының бірі – «Құрманғалиев» шаруа қожалығының басшысы Ерболат Құрманғалиев. Ол жуырда ауылдағы мұқтаж жандарға қарайласып, бір ірі қарасын сойып, тегін үлестірді.
Жастайынан еңбекпен есейген жан ауылдастарының қай-қайсысының да жағдайынан жақсы хабардар. Сол себепті де қайырымдылық жасасаң-қайырын өзің көрерсің деген халық даналығын басты ұстаным етіп келе жатқан жанның бірі.
Ауыл әкімі Светлана Бәйтенова да тұрғындардың жағдайына қанық қайырымды азаматтарды көпке үлгі ете жүрген жөн дейді.
Гүлшат Ибрагимқызы
Шыңғырлау ауданы