29.03.2023, 15:30
Оқылды: 67

Әкелер форумы өтті

Аудандық мәдениет үйінің фойесінен басталған шара суреттер көрмесі, қамшы өру, асық ату, қолөнер көрмелерімен басталып, мектептен тыс тәрбие орталығының «Әке мен бала» қойылымына жалғасты. 

0bc396b3-9211-4318-8182-479996b0fc33

- Бүгінгі форум отбасы тәрбиесіндегі әкенің рөлін көтеру, балалардың бойында патриоттық сезімін, адамгершілік-рухани құндылықтарды қалыптастыру мәселелеріне қоғам назарын аударуды мақсат етіп отыр, − деді шараны ұйымдастырушы білім беру бөлімінің басшысы Бисенбек Насимоллин.

Өз кезегінде аудан әкімінің орынбасары  Мейрамбек Ақкалиев бірінші сөз алып, қазіргі қоғамдағы әкенің рөлін атап өтсе, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеген Арыстанбеков өткен және қазіргі заманның бала тәрбиесінің айырмашылығын атап, сол тәрбиеге мектеп мұғалімдерінің белсенді қатысуын сұрады.

6f8be47f-b8aa-40ef-8687-5af71eddcaf2

Ал жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы полиция подполковнигі Дәурен Сертеков статистикалық ақпаратпен таныстырды.

−Қазіргі таңда бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі белсенділігін жоғалтуда. Бұл сөзіме дәлел ауданымыздың статистикасы. Мысалы, биыл полиция бөліміне кәмілет жасқа толмаған 18 жасөспірім жеткізілген болатын. Соның 14-і ұл болса, қалғаны төртеуі қыздар.  Бөлімге сол жасөспірімдерді алып кету үшін 18 ана келді. Осының өзі көрсеткіш емес пе? Сонымен қатар «Ата- аналық міндеттерін атқармайтын тұлға» категориясында төрт жерлесіміз тізімде болса, соның үшеуі әйел адам. Ал профилактикалық есепте тұрған тоғыз жасөспірімнің 80%-ы  тек аналарының тәрбиесінде, толық емес отбасыларында тәрбиеленіп келеді, − деді подполковнигі Дәурен Сертеков.

8f1be0d2-53cc-4fec-85b0-d8a8d1e2bd93

Жиын барысында Жақсылық Базарбаев қазіргі таңда балаларымызға шетелдің есімдерін беру мәселесін көтерді.  Ол қазақтар балаларына Эрдоған немесе Ертұғырыл секілді ат беретіндігін айтып өтті. Жақсылық ағамыз тек сөйлемей, сөзіне статистикалық мәліметті дәйек қылып, сөйледі. Қазақстанда қыздарға Медина есімі 7 425 рет қойылса, Айлин есімі - 6 503 рет қойылғандығын жеткізді.

Жиын барысында баласын спортқа баулып жүрген әке ретінде келген  Данияр Хамзин сөз сөйлесе, көпбалалы, үлгілі әке Ербол Жапаев бала тәрбиесіне қатысты өз пікірімен бөлісті.

Қазіргі қоғамдағы әке рөлі туралы өз баяндамасымен аудандық білім беру бөлімінің басшысы Бисенбек Насимоллин де бөліскен болатын.

− Әкенің балаға бөлетін уақыты өте маңызды. Қайтара алмайтын нәрсе болса, ол әкенің отбасына бөлетін уақыты. Байқап отырғанымыздай, әкелер негізінен отбасының қаржылық және материалдық жағына жауап береді. Әрине, қаржылық жағдай өте өзекті, алайда әкенің балаға бөлетін уақыты мен пейілі одан да маңыздырақ.

Мәселен, Қазақстан қоғамдық даму институтының деректеріне сүйенсек, бүгінгі қоғамда әкелердің отбасындағы рөлі негізінен қаржылық және материалдық игіліктерге байланысты көрінеді.

Мысалыға, барлық әкелердің 50,4%-ы отбасын материалдық жағынан қамтамасыз етеді екен. Әкелердің 21%-ы отбасылық бюджетті басқарумен айналысса, 9,6%-ы балаларын үйірмелер мен спорт секцияларына апарады. Ал 39%-ы ғана баланың сабағына қарап, үй жұмысын тексереді. Басқа 34%-ы балаларының денсаулығына қарап, ауырып қалса емімен айналысады деген мәліметі бар, − деді бөлім басшысы.

Бұл форумда әкенің бала тәрбиесіндегі рөлімен қатар өнерге де назар бөлінді.

Мысалы, «Ер Төстік» бөбекжайының тәрбиеленушілері әкелерімен «Менің әкем − ең жақсы адам» биін тарту етсе, Милат Насыров ұлы Арафатпен  әке туралы ән шырқады.

 

Темхар Рахметолла,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале