4.03.2020, 17:16
Оқылды: 84

  Әкесі 10, баласы 11 жылға сотталды

     Батыс Қазақстан облыстық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында есірткі заттарын заңсыз сақтаған және тасымалдаған әкелі-балалы Полянскийлерге үкім шықты.

esirtki (5)

Былтыр олар Бәйтерек ауданына қарасты Спартак ауылы маңындағы Быковка өзенінің жағасынан адам көзіне түсе бермейтін жер телімін байқаған. Ұлы аталған жерді есірткі затын егу үшін дайындап, өңдеумен айналысса, әкесі баласының «кәсібіне» қолғабыс қылу мақсатында өз көлігімен учаскені қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп отырған.

Бастаған істеріне немқұрайлы қарамайтын отбасы маусым айында тұқым егу жұмыстарын бастайды. 10х15 метр алқапқа 121 түп есірткі затын отырғызған «кәсіп иелері» оны қыркүйек айына дейін күтіп баптайды. Тіпті зиянкес жәндіктерден қорғау үшін «Штурм», «Аммияк селитрасы», «Фертика», «Азофрска» сияқты құрамында нитраттар бар тыңайтқыш заттар пайдаланған. Ал Быковка өзенінің суын «егінін» суару үшін пайдаланған.

Осылайша қыркүйек айының екінші жартысы мен қазанның 10-на дейін Н.Полянский өскен шөпті баптаған. Ал әкесі ұлын өз көлігімен егіс алқабына жүйелі түрде алып барып, әкеліп жүрген. Екеуі әбден өсіп жетілген өнімді тазартып, өңдеп, кептіріп, одан 8 келі кептірілген, 32 келі кептірілмеген марихуана дайындаған.

Кейін екі «кәсіпкер» өнімді «Mercedess-Benz C 180» маркалы көлігімен өздері тұрып жатқан Орал қаласындағы Пойменная 10 және Бәйтерек ауданына қарасты Мичурин ауылындағы Набережная көшесіндегі 15 үйдің екінші пәтеріне жеткізген.

Осы ретте өздерінің «кәсібі» өрге домалайды десе керек, Н. Полянский өз үйінде 5 келі кептірілмеген, 364 грамм кептірілген есірткі затын сақтаған. Бұдан бөлек ол есірткі затының сапасын көтеру мақсатында жапырақты өсімдікті тығыздап, ұнтақтап, жалпы салмағы 3,09 грамм болатын «гашиш» есірткісін жасапты. Бұл – былтыр 11 қазан күні болған жайт. Сол күні В.Полянский өзінің үйіне 27 келі кептірілмеген, 1 келі кептірілген марихуананы сақтауға алған.

Бірнеше айға созылған тергеу амалдары мен қылмыстық іске осы күні нүкте қойылды. Екеуінің де кінәсі толығымен дәлелденді.

1986 жылы туған Н.Полянский Қылмыстық кодекстің 300-бабының 2-бөлігі, 297-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 11 жылға сотталса, 1961 жылы туған В.Полянский Қылмыстық кодекстің 28-бабы 5-бөлігі, 300-бабының 2-бөлігі, 297-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Түгелбай БИСЕН

zhaikpress.kz

 Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале