23.05.2023, 19:01
Оқылды: 9

Әкімдердің жұмысы бағаланбақ

Бүгін Казталов ауданында әкімдердің халық алдында есеп беру жиыны басталды. Осы жылдың бірінші тоқсанында атқарылған жұмыстар барысы Қараоба, Қошанкөл, Тереңкөл ауылдық округтерінде сараланды. Сұрақ-жауап форматында өткен халық жиындарына Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов, аудандық мәслихат депутаттары, салалық бөлім басшылары, округ тұрғындары қатысты.
20230523074838_IMG_8406

Халық жиындарында сөз алған аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы аудандағы жалпы қалыптасқан жағдайды атап өтіп, аудан бюджетіне түсетін салық түсімдерін арттыру нәтижесінде қордаланған мәселелерді шешуге болатынын түсіндірді. Сонымен қатар аудан басшысы округ әкімдерінің жұмысын бағаланатыны туралы жеткізді.

— Округ әкімдерінің тікелей лауазымдық нұсқаулықтарының орындалуына тұрғындар да өз септігін тигізеді. Бағалау қорытындысы бойынша үздік деп танылған ауылдарға бюджеттен қосымша қаржы беріледі. Өз ауылының жай-жағдайына немқұрайлы қарамайтын әр тұрғын мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуына үлес қосады деп сенеміз, - деді аудан басшысы.

Бұл мақсатта аудан әкімінің арнайы өкімі де шықты. Әкімдердің жұмысы нақты 35 бағыт бойынша бағаланбақ. Бағаланатын көрсеткіштердің қатарына жұмыссыздар
санын азайту, жаңадан жұмыс орындарын ашу, жұмыссыздарды кәсіптік оқуға жіберу, грант алушылар санын арттыру, жергілікті жерге инвестиция тарту, ауылшаруашылығы жерлерін дұрыс мақсатта пайдалану, «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылуы, ұжымдық бау-бақша егу, округтің салықтық түсімін ұлғайту сынды жұмыстар енгізілген.

20230523071044_IMG_8381

Өз қызметтерін мінсіз атқарып, үздік деп танылып, жоғары көрсеткіш көрсеткен алғашқы үш ауылдық округке аудан бюджетінен қосымша қаражат бөлініп, автокөлік, 10 млн теңге және 5 млн теңге беріледі.

Қараоба округінде тұрғындар көптен күткен фельдшерлік-амбулаториялық пункттің күрделі жөндеуіне облыстық денсаулық сақтау басқармасынан қаражат бөлініп, құрылысы басталып жатыр. Сонымен бірге Қараоба мен Қошанкөл ауылдары ортасындағы жолды күтіп ұстау, округ орталығында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу, Ғ.Қараш атындағы мектеп гимназиясы ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу, жаңа мәдениет үйін салу, таза ауыз су ұңғымасын тазарту, округтегі бөгеттерді аршу, мал моласын салу, шабындыққа су шығару туралы мәселелер көтерілді.
Қошанкөл ауылдық округінде қордаланған біраз мәселе жоғарыдан бөлінетін қаржыға байланысты өз кезегінде шешілуде. Нақтырақ жазсақ, халықтың әл-ауқатын көтеру бағытында тұрғындарды жұмысқа орналастыру, мемлекеттік бағдарламалар арқылы грант, несие алуға көмектесу қалыпты деңгейде. Биыл Ғ.Бегалиев атындағы білім ордасына жаңа автокөлік алынса, Көктерек тоғайындағы «Алау» балалар жазғы демалыс лагерін 100 орындық қылып қайта салу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасалып жатыр. Қараоба, Қошанкөл бағытындағы күре жолды жөндеу алдағы уақытта жалғасады.
Болашақта қаражат қажет ететін Қошанкөл ауылы ішіндегі бес көшеге қара жамылғы төсеп, жаяу жүргінші жолын салу, «Қарлығаш» бөбекжайын күрделі жөндеуден өткізу, округ орталығында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін, Ордабай ауылында шағын футбол алаңын салу, округтегі электр қуатын бөлетін трансформаторларды ауыстыру жұмыстары бар.

Тереңкөл округы бойынша көтерілген мәселелер барынша шешімін табуда. Таза ауыз су ұңғымасына қосымша су сорғысын қоюға аудандық бюджеттен қаражат бөлінгелі жатыр. Округте фельдшерлік-амбулаториялық пункттің күрделі жөндеуі 2025 жылдың еншісіне кейін сырылды. Медициналық жедел жәрдем көлігі әзірге берілмейтіні белгілі болды. Округ тұрғындары киік санын реттеу, Беспішен ауылында шағын футбол алаңын салу, шаруа қожалықтары өздеріне тиесілі шабындықтарынан шөп ору, шөп бағасын тұрақтандыру, ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлерді тиімсіз пайдаланғандарды мемлекет меншігіне қайтару жөнінде сауалдарын қойды.
Округтердің тұрғындары көтерген мәселелер мен жолдаған сауалдарына аудан әкімімен қатар салалық бөлім басшылары жауап берді.
Жиындар соңында аудан әкімі аталған округ тұрғындарын жеке де сұрақтарымен қабылдады.

Қайрат Жақып,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале