«Ұлық болсаң, кішік бол» деп халқымыз бірауыз сөзбен ел басқаратын тұлғаларға зор жауапкершілік жүктеген. Жылдар өтіп, заман ауысса да, бұл мақал өз құндылығын жойған жоқ. Бір сөзбен айтқанда, ел басқарған әр әкім заман ағымына сай ауылын көркейтіп, «Мен әкіммін» деп кабинетте отырып алмай, халықпен етене араласып, жұмыс істеуі керек. Сонда ғана еліміздің мерейі артып, халық та риза болады. Кейінгі кезде әкімдер сайлауына жаңа өзгеріс енгенін өзіңіз де жақсы білесіз. Бұл сайлау демократиялық қоғам құруға жасалған қадам десек, қателеспейміз. Қазіргі таңда Тасқала ауданына қарасты тоғыз ауылдық округ болса, барлығының да халық сайлаған өз әкімі бар. Соның бірі – Мерей ауылдық округінің әкімі Орынбек Насимуллин.

Ол өзінің халық алдындағы жауапкершілігін сезіне отырып, жоғары білімі мен кәсіби басқару шеберлігінің арқасында екінші қайтара сол округке әкім болып сайланды. Бүгінде тәжірибесі мол маман өзіне сенім артқан тұрғындардың үдесінен шығып жүр. Қарауындағы елді мекендерді көркейтіп, тұрғындардың жағдайын жақсарту үшін халыққа ұсынған сайлауалды бағдарламасында көрсетілген жоспардың жүйелі орындалуына баса назар аударып келеді. Орынбек Жамбылұлы осы ауылға келгелі ауыз толтырып айтатындай біраз жұмыс атқарды. Көшелер асфальтталып, жарық шамдары орнатылды. Балалар ойын алаңы мен жаңадан мәдени-сауықтыру кешені бой көтерді. «Жақсыны көрмекке» демекші, біз де Мерей ауылына ат басын бұрып, округтің жағдайымен танысып, Орынбек Жамбылұлын сөзге тарттық.
– Мен осы округте бұрыннан әкім болып қызмет атқарғаныммен, биылғы сайлауда халық таңдаған әкім ретінде алғаш рет жұмысқа кірістім. Бұл сайлау бізге екі есе жауапкершілік жүктейді. Өйткені халық таңдағаннан кейін сайлауалды бағдарламамда көрсетілген жұмыстарды тұрғындарға құр сөз емес, нақты іспен көрсетуім қажет. Ол үшін тынбай жұмыстану керек. Қазіргі таңда ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында біркелкі жұмыс атқарылды. Оның ішінде 2025-2029 жылдарға арналған бағдарламамда көрсетілген маңызды шаралар да бар. Ол «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасы негізінде жасақталды. Жалпы, Мерей ауылдық округінің құрамына Мерей ауылынан басқа Айнабұлақ, Тоғайлы, Өркен, Аққайнар елді мекендері кіреді. Халық саны 1675 адамды құраса, аула саны – 381. «AMANAT» партиясының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына сай жергілікті бюджет кірісі мен шығысы жыл сайын жарияланып, тұрғындар алдында ашық талқыланады. Әр тоқсан сайын ұйымдастырылған қоғамдық тыңдауларда қаражаттың қай салаға жұмсалатыны айқындалып, ауыл азаматтарының пікірі ескеріледі. Бұл – билік пен халық арасындағы алтын көпір, сенімнің берік іргетасы. Одан бөлек халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған «Ауыл аманаты» бағдарламасының 2,5 пайызбен берілетін жеңілдетілген несиенің арқасында 17 ауыл тұрғыны 95 сүтті ірі қара, 314 қой алып, ауыл қоралары малға толды. Жалпы алынған сома – 81,9 млн теңге. Осының арқасында мал басы өсіп келеді. Бұл – әр шаңырақтың несібесі, әр түтіннің құты. Осы орайда ауылда кәсіпкерлік желісі кеңейе түсті. «Тоғайлы АГРО» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды. Лизингке 50 пайызжеңілдікпен техника алу үшін сұраныс берілді. Сонымен қатар ауыл тұрғындарыныңэкономикалық және қаржылық сауатты деңгейінкөтеру мақсатымен «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» атты оқу семинарлары өтті. Ол азаматтарға қаржы жүктемесін азайту және бюджетті жоспарлау, жинақтау, инвестициялау тәжірибесін үйретті. Бұл ретте бағдарламаның пайдасын да көріп үлгерген 80 ауыл тұрғыны және осал топтарға арналған екі отбасы қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, мал және құс шаруашылығы бағытындағы өз ісін бастады. Сондай-ақ партияның 2023-2027 жылдарға арналған республикалық бағдарламасында бүкіл ел аумағындағы инфрақұрылымды жаңғырту міндеті тұр. Қазіргі заман талабы сапалы жол, жарық көше, қолжетімді көгілдір газ екені белгілі. Соған орай Айнабұлақ елді мекеніне – 60, Тоғайлыға – 50, Өркен елдімекеніне 40 дана жарық шамы орнатылып, көше жарығы толық іске қосылды. Осылайша елді мекен тұрғындарының жылдар бойы көше жарығын орнату бойынша түскен өтініші орындалды.
Мен сайлауға түскенде халыққа өзімнің бағдарламамды таныстырып өттім. Қазіргі таңда сол сайлауалды бағдарламамда жоспарланған жұмыстар мен межеленген міндеттерді орындауды басты назарда ұстап келемін. Соның ішінде Өркен елді мекеніне табиғи газ өткізіп, халықты көгілдіотынмен қамтамасыз ету бар. Бүгінгі күні сол мәселе шешімін тауып, жұмыс жүргізіліп жатыр. Күні бүгін Өркен елді мекеніне дейін газ құбырларын жер астымен өткізу жұмысы 90 пайызға толықтай аяқталды. Табиғи газды халық игілігіне пайдалануға беру желтоқсан айына жоспарланып отыр. Бұл дегеніміз – Өркен ауыл тұрғындарының тұрмысын жаңа деңгейге көтеріп, жайлылықты қамтамасыз ету деген сөз. Кейінгі кезде округімізде ауылішілік жолдарын жөндеу жұмысы қарқынды жүргізіліп, нәтижесінде Мерей ауыл ішілік жолдары 100 пайызға жөндеуден өтті. Биыл Тоғайлы елді мекенінің кіреберіс үш шақырым жолы жөнделді. Қазіргі таңда партияның басты міндетінің бірі – әлеуметтік тұрғыдан осал топтарды қолдау, оларға қолайлы өмір сүру жағдайын жақсарту. Жеке баспана, сапалы тұрғын үйге қолжетімдікті арттыру. Бұл бағытта қабылданып жатқан шаралардың ең маңыздысы – жалдамалы пәтерлер беру бағдарламасы арқылы тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету. Бұл – «AMANAT» партиясының тұғырнамасында айқын көрсетілген маңызды әлеуметтік міндеттің бірі. Cол міндетті орындау жолында былтыр Мерей ауылында екі пәтерлі төрт үй салынып, пайдалануға берілсе, биыл Айнабұлақ елді мекенінде екі пәтерлі екі үйдің құрылысы аяқталып келеді. Бұл – екі жылда 12 отбасы үйлі болады деген сөз. Мерей бастауыш партия ұйымы жергілікті қауымдастықпен бірлесе Президенттің су шаруашылығын ауқымды жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын орындап отыр. Ауыл шаруашылығын дамытудағы маңызды қадам – су ресурсын ұтымды пайдалану. Осы мақсатпен округімізде бөгеттерді кезең-кезеңмен қалпына келтіру жұмысын жүргізу жоспарланған болатын. Осы жылдың 22 қыркүйегінде Мерей ауылына қарасты «Тапай» және «Жаңатаң» бөгеттерін тереңдету жұмысы басталды. Бөгеттер іске қосылған жағдайда 500 ірі қара, 150 жылқы сумен қамтылды.
Президент Қасым- Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы – еліміз үшін маңызды стратегиялық бағдар. «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер мен оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдау еліміздің бұдан әрі даму бағытын айқындап, бүкіл қоғамды жаңа реформалар мен жобаларды іске асыруға шақырды. Жолдауда елдің даму стратегиясының жаңа кезеңдері, соның ішінде цифрландыруды жеделдету мәселесі айтылды. Осыған орай округке қарасты Аққайнар елді мекеніне геостационарлық емес спутник жүйесі негізінде қоғамдық Wi-Fi орнатылды. Биыл Тоғайлы ауылын ұялы байланыспен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Күні бүгінге ұялы байланысты орнату үшін жер телімі рәсімделіп жатыр. Бұл мәселе шешілсе, Тоғайлы ауылы байланыспен қамтылады. Цифрлық қызметке қолжетімдік артады. Ауыл тазалығы да басты назарда. «AMANAT» партиясының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» жобасы – экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, табиғатты қорғауға, ауыл-аймақтың тазалығын сақтауға бағытталған маңызды қадамның бірі. Жоба аясында ауылымызда көшелерді, жыра-сайлар мен бөгет жағалауларын қоқыстан тазалау, ескі қоқыс полигондарын ретке келтіру және заңсыз төгілген қалдықтарды жою жұмысы жүргізілді. Жыл басынан халықтық сенбіліктер дәстүрлі түрде ұйымдастырылып, оған 300-ден астам ауыл тұрғыны қатысты. Бес гектар аумақ қоқыстан тазартылды, 30 тоннадай қалдық арнайы орындарға шығарылды. Бұл жоба тек бір реттік сенбілік емес, қоғамның экологиялық жауапкершілігін арттыруға арналған іс-шаралар кешені ретінде қалыптасты. Елді мекенді көгалдандыру үшін 100 көшет, 800 гүл, 500 түп ағаш отырғызылды. Айнабұлақ, Тоғайлы елді мекендерінде ПЭТ ыдыстарына арналған 10 тор жәшік орналастырылды. Орман желектерін отырғызуға арналған 341 га жер учаскесіне жер өңдеу жұмысы жүргізілді. «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында ауылымыздың 15 зейнеткеріне көмек көрсе- тілді. «Ұрпаққа аманат» акциясы аясында округтің әлеуметтік дамуына үлес қосқан азаматтарға құрмет көрсетіліп, Мерей ауылдық округінің 95 жылдығына арналған мерейтой медальдары табысталды. Сонымен қатар ауылымызда сан жыл қызмететкен Лұқпан Шүкеев пен Райхан Мұхтарқызының құрметіне «Дара жол» кеші ұйымдастырылды. «Бақытты отбасы» жобасы аясында «Мектепке жол» акциясы кезеңінде сегіз оқушыға оқу құралдарымен көмек көрсетілді. Үш мәдени-спорттық іс-шара ұйымдастырылды. «Жайлы мектеп» білім беру саласындағы ұлттық жобасы шеңберінде Айнабұлақ негізгі мектебіне жаңа ғимаратқа арналған жер учаскесі бекітіліп, ЖСҚ жасалды. Қазіргі таңда мердігер анықталып жатыр. Құрылыс басқармасының мәліметінше, мектеп құрылысының басталуы осы жылдың қазан айына жоспарланған. Мерей ауылдық ветеринариялық пункті жаңа авто-көлікпен қамтамасыз етілді. Ауыл халқының әлеуметтік- экономикалық жағдайының өсуінің тағы бір көрінісі – көрсетілетін қайырымдылық мөлшері қазіргі уақытта 4 млн теңгені құрады. Демеушілікпен 500 мың теңгеге Тоғайлы елді мекенінің кіре беріс жолына «Тоғайлы» аркасы орнатылды. Жалпы, «AMANAT» партиясының бағдарламалық басымдығы мен өзімнің сайлауалды бағдарламамда ауылдық округтің әлеуметтік- экономикалық дамуы бағытында жоспарланған жұмыстарға қол жеткенін атап айтқым келеді. Соның нәтижесінде тұрғындардың тұрмыс сапасы артып, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым деңгейі көтеріліп келеді. Бұл нәтиже халық сенімін ақтап, ауылдың дамуына серпін берді, – деді Орынбек Жамбылұлы. Округ әкімінің жұмысына тұрғындар да риза. Олар: «Өзіміз қателескен жоқпыз, осы әкімді сайлағанымыз үшін ризамыз. Қандай мәселе көтерсе де, халықты жинап, солармен бірге шешеді. Дауыс бердік, бергенімізге өкінбейміз. Себебі оның нәтижесін көріп жатырмыз. Халық игілігі үшін көп жұмыс атқарылып жатыр. Біз ризамыз», – дейді.
Иә, азаматтардың өтініш-тілегін жедел әрі тиімді қарастыру – Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының басты бағыты. Осы орайда басшылық тізгінін ұстаған азаматтарға артылар жауапкершілік жүгі орасан. «Халықпен тікелей байланыс орнату, өзекті мәселелер бойынша уақтылы шешім қабылдай білу қабілеті – әкімдер қызметіндегі басымдық. Бұл жөнінде Президент жергілікті деңгейде мемлекеттік саясатты жүргізуге, жалпы, саяси жүйенің тиімділігіне халықтың көзқарасын қалыптастырады», – деп атап өткен болатын.
Халық даналығында «Әкім бол, халқыңа жақын бол!» деген бар. Ал әкім өзін сайлаған көпшіліктің алдында жауапкершілікті сезініп, сенім үдесінен шығу жолында аянып қалмайтыны анық.
Назгүл Серікқызы,
Тасқала ауданы