10.09.2025, 17:46
Оқылды: 274

Аққайнар ауылында OneWeb жүйесі арқылы қоғамдық Wi-Fi іске қосылды

Аққайнар елді мекенінде заманауи интернет инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды жоба іске асты. Енді Мерей ауылдық округіне қарасты бұл ауылда тұрғындар OneWeb геостационарлық емес спутниктік жүйесі негізінде құрылған қоғамдық Wi-Fi желісіне қосыла алады.
image-10-09-25-03-47-2
Жоба шалғайда орналасқан және халқы аз ауылдарды сапалы интернетпен қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл бастама Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің "Қолжетімді интернет" ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылып отыр. Бұл мәселе ауыл әкімі Орынбек Насимуллиннің сайлауалды бағдарламасында көрсетілген болатын.
OneWeb спутниктік технологиясы – кең жолақты интернетті алыс және инфрақұрылымы шектеулі аймақтарға жеткізудің тиімді жолы. Геостационарлық емес спутниктер жерге жақын орбитада орналасып, сигналдың жылдам берілуін және тұрақты байланыс сапасын қамтамасыз етеді. Бұл әсіресе таулы, шөлейт немесе шалғай аймақтар үшін үлкен мүмкіндік.
Аққайнар ауылындағы Wi-Fi нүктесі ауыл тұрғындарына тегін және қолжетімді интернетке қосылуға мүмкіндік береді. Бұл, өз кезегінде, білім, медицина, мемлекеттік қызметтер және кәсіпкерлік салаларында цифрлық мүмкіндіктерді кеңейтуге жол ашады. Енді тұрғындар электрондық үкімет порталына, әлеуметтік желілерге және басқа да интернет қызметтеріне оңай қол жеткізетін болады.
Жалпы  мұндай қоғамдық Wi-Fi нүктелерін орнату жұмыстары еліміздің басқа да ауылдық аймақтарында жалғасатын болады. Мақсат – бүкіл Қазақстан халқы үшін сапалы әрі қолжетімді интернет инфрақұрылымын қалыптастыру.
Гүлмира Мақанова,
Тасқала ауданы
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале