26.05.2022, 16:15
Оқылды: 74

Аққозыда дүбірлі той өтті

Аққозы мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінде «Сыңғырла, соңғы қоңырау!» атты 2021-2022 оқу жылының соңғы қоңырау салтанаты өтті.
10

Алдымен ортаға биылғы мектеп түлектері мен осыдан 20 жыл бұрын аталмыш білім ордасын аяқтап, алтын ұя мектебімен қайта қауышқалы келген 2002 жылғы түлектер шақырылды.

Мектеп директоры Айгүл Айтқалиева 2021-2022 оқу жылында атқарылған жұмыстар мен білім сапасына тоқталып, бір топ оқу озаттары мен екпінділеріне мақтау қағаздарын табыстады.

Айгүл Мәлікқызының айтуынша білім ордасы оқу жылын 103 оқушымен аяқтап отыр. Оның ішінде 11 сыныпты 5 оқушы, бірінші сыныпты 9 оқушы тәмамдаған.

Салтанатты шарада ауылдық округ әкімі Қоныс Мұқанов, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мербол Есендосов, ата-аналар атынан ауыл ақсақалы Қайыршақ Жұмағалиев, мектеп түлектерінің ұстазы Ақгүл Бақытова және мектеп түлектері мен аталмыш білім ордасын бітіргендеріне 20 жыл болған түлектер құттықтау сөз сөйлеп, жүрекжарды лебіздерін білдірді.

21

Оқу жылы ішінде республикалық, облыстық, аудандық байқауларға қатысып, жүлделі орындар иеленген мектеп оқушылары «Үздіктер шеруіне» шақырылды.

Өткен жылдарға қарағанда бір өзгешелік, соңғы қоңырау соғу салтанатын мектептің биылғы түлектері мен білім ордасын 20 жыл бұрын тәмамдаған түлектер жүргізді.

15

Салтанатты шара мектепті бітіргендеріне 20 жыл болған түлектердің округтегі мәдениет үйі алдындағы алаңға туған жерге тарту етіп орнатқан «Менің жүрегім Аққозы» белгісінің ашылу салтанатына ұласты.

Аталмыш салтанатты жиында шара қонақтары мен түлектер құттықтау сөз сөйлеп, лента қию рәсімін ауылдық округ әкімі Қоныс Мұқанов пен мектепті 20 жыл бұрын тәмамдаған Роман Қожахметов жүргізді.

13

Ауыл азаматтарының әр жылдардағы мектеп түлектерінің, кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының демеушілігімен  ауылдық округ әкімдігі ұйымдастырған мерекелік шара дала қызықтарына ұласты. Онда 16 шақырым қашықтыққа ат жарысы, 6 шақырымға тай жарысы, 2 шақырымға жаяу жүгіруден, қазақ күресінен, қой көтеруден жарыстар өтті.

18

Талай жарыстарда алдына жан салмаған жергілікті атбегінің «Қойтан қара» атты сәйгүлігі осы Қоржын ауылынан шыққан. Бала кезімізде Жеңіс күніне орай аудан орталығындағы тышқантай қауымы маңында жылда өтетін ат жарыстарында «Қойтан қара» мен Бөденнің сәйгүліктері жеңісті қолдан бермейтін. Олардың атты баптаулары мен  жарысқа жаратулары  ерекше болатын-ды десетін үлкендер.

12

Аққозыдағы  дүбірлі той тай жарысынан басталды. Жарысқа қатысқан он шақты тай қашықтығы 6 шақырымды шауып өтті. Жарыс нәтижесінде Жанғазы Жайсаңбектің «Алтын қас» атты тайы бәрінен оза шауып, 50 мың теңгеге ие болды. Мәрені «Қасқа тайымен» екінші болып аттаған Жұмабай Рахимов 30 мың, «Қаратайымен» үшінші келген Бекарыс Нағимуллин 20 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.

14

Одан кейін жаяу жарысқа кезек келді. Оған ауылдың 7-8  жігіттері қатысып, 2 шақырымды жүгіріп өтті. Мәреге бірінші болып жеткен ауыл тұрғыны Ғасырбек Қаршығиев І орынды жеңіп алып, 25 мың теңгені, ІІ және  ІІІ орындарды  иеленген  Асхат Қаршығиев пен Асхат Батырбаевтар  15 мың және 10 мың теңге ақшалай сыйлықтарды қанжығаларына байлады.

Қой көтеру жарысына ауылдың біраз мықты жігіттері қатысты. Олардың ішінен қойды иығына асып, ең жоғары, 50 рет көтерген ауыл тұрғыны Ертай Жұмабаев қойға ие болды.

20

Ат жарысында он сәйгүлік 16 шақырымға шапты. Солардың арасынан «Соқыр» атты сәйгүлігімен суырылып алға шығып бірінші келген Бекжан Жамбаев 200 мың теңгені, «Төбел торысымен» екінші орынды иеленген Ерген Мақсотов 150 мың теңгені, «Сүлік қарасымен» үшінші орынға табан тіреген  Асқар Бекжанов 100 мың теңгені қанжығаларына байлады.

Ұлттық қазақ күресіне Аққозы, Қаратөбе ауылының палуандары қатысып, күш сынасты. Аталмыш сайыста мықтылығын таныта білген Батыр Жылқыбаев қарсыластарын тізе бүктіріп  жеңіске жетсе, ІІ және ІІІ орындар Ерназар Жеңісов пен Исатай Жеңісовке бұйырды.

 

Ерболат Райсов,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале