Жәнібек аудандық мәдениет үйінде Дүниежүзілік би күні мерекесіне орай «Ақмаржан» халықтық бишілер ансамблінің «Би де бір жұмбақ әлем» атты концерті өтті.

Биыл «Ақмаржан» бишілер тобының құрылғанына 25 жыл болса, «Халықтық» атағын алғанына 15 жыл толып отыр.

Ансамбль тарихына қысқаша тоқталар болсақ, біздің ауданымызда би өнері 1960-1961 жылдардан кеңінен дами бастаған. Сол кездері осы өнерге алғашқы болып өз үлестерін қосқан Надежда Ғұсманова, Серік Рушанов, Борис Еркінғалиевтер сынды тағы да басқа көптеген болса, сол аға буын өнерпаздарымыздың арқасында бүгінге дейін жалғасын тауып келеді. Қазіргі таңда Зәмзәгүл Мұратованың жетекшілігімен «Ақмаржан» бишілер ансамблі көршілес Ресей елді мекендерінде, соның ішінде Питер, Палласов аудандары мен Волгоград облысы Саратов қаласында да өз өнерлерін көрсетіп, халықтың көзайымына айналды. 2008 жылы ансамбль Тараз қаласында өткен I Халықаралық «Ұлы Жібек жолы» фольклорлық музыка фестиваліне қатысып, өнерлерін көрсетті.
Мерекелік кеште Зәмзәгүл Мұзафарқызының өнер жолындағы шығармашылығы LED экраннан өнерсүйер қауымға ұсынылды. Сахна шымылдығын «Ақмаржан» бишілер ансамблі «Көңілашар» биімен ашты. Концертте үлкен, орта, кіші топ болып би ұжымы өз өнерлерін көрсетіп, көрерменнің қошеметіне бөлінді.
Орта буын бишілері «Бозінген», кіші буын бишілері «Чунга-чанга» биімен өнерлерін паш етті. Сонымен қатар аудан көркемөнерпаздары Райымбек Кәрімов «Жігіттер жыры», Қажымұқан Хамидолла «Ғашықпынғой мен» әнін шырқап, көрерменнің көңілін көтерді.
Биыл Орал қаласында өткен облыстық «Балдәурен» балалар байқауының ІІІ орын иегері Ақниет Қайрат «Домбыра туралы баллада» әнін орындаса, кезіндегі бүлдіршін биші, қазіргі кезде қолы жұмсақ, жаныңа шипа беретін денсаулық сақшысы мейірлі медбике, әрі ән айтуды ұнататын Гүлмаржан Ғиниятова «Балалық шақ» әнін орындап, көрерменнің жүрегінен орын тапты.
Кеш барысында «Ақмаржан» халықтық бишілер ансамблі «Сыған», «Танцуют все!», «Өзбек», «Биле, биле», «Қос алқа» билерімен сахна көркін қыздырды.
Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Алтай Бақтығалиев өнерсүйер қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлағаны үшін Зәмзәгүл Мұзафарқызына шығармашылық табыс тілеп, алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етті.
Сондай-ақ «Әжелер» ансамблі атынан Гүлнар Хайырлиева өзінің ақжарма тілегін жеткізіп, сый-сияпатын ұсынды.
Лаура Халина,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz