Кеше Казталов ауданына қарасты Ақпәтер ауылдық мәдениет үйінде округ орталығындағы қос пәтердің кілтін табыстау және «Жыл үздігі — 2024» үздіктерді марапаттауға арналған салтанатты іс-шара өтті. Жаңа жыл мерекесі қарсаңындағы іс-шараға аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, облыстық мәслихат депутаты Самат Хасанов, аудандық мәслихат депутаты Ерназар Хамзин қатысты.
Казталов ауданында Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп, пайдалануға берілуде. Соның ішінде Ақпәтер ауылында 3 екі пәтерлі үй салынып, төртеуінің кілті иелеріне табысталған болатын. Ал екі пәтердің кілті салтанатты шарада табысталып отыр. Аудан әкімі ақпәтерліктерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
— Баршаңызды Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Ақпәтер ауылдық округі ауданымыздағы алдыңғы қатардағы және бірлігі мығым округтердің бірі. Ағымдағы жылы округ орталығындағы электр желілері жаңартылды. Күні кеше Кіші Талдықұдықта ұялы байланыс желісі іске қосылды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасымен тұрғын үй кезегіндегі азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында жаңа заманауи тұрғын үйлер салынды. Бүгін баспанаға ие болып отырған отбасыларды қуаныштарымен құттықтаймын! Шаңырақтарыңыз шаттық, бақ-береке тілеймін, — деген аудан әкімі Жақсыбай Жұманиязов пен Салық Какимовке жаңа баспананың кілтін табыстады.
Баспана иелері қуаныштарымен бөлісіп, игі бастамалардың жүзеге асып жатқаны үшін ризашылықтарын жеткізді.
— Мен мүмкіндігі шектеулі қызымның атынан келіп тұрмын. Қызыма үй беріліп, қуаныштан төбеміз көкке жетіп отыр. Осы үйдің құрылысы басталғалы басы-қасында болдым. Құрылыс жұмыстары сапалы жүргізілді деп сеніммен айта аламын. Халыққа көрсеткен қолдау шаралары үшін Мемлекет басшысына, облыс және аудан әкімдеріне және мердігер Ерназар Хамзин балама алғысым шексіз!, — деді Жақсыбай Жұманиязов.
Тұрғын үйлердің кілті табысталған соң округтегі жыл үздіктерін марапаттау салтанаты өтті. Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жарияланған болатын. Ақпәтерліктер Президент бастамасын қолдап, әр салада қызмет етіп жүрген еңбек адамдарына құрмет көрсетті. Округ әкімі Төлеген Сүйіншқалиев «Үздік электрик», «Газ мекемесінің үздігі», «Ветеринария саласының үздігі»,«Үздік мәдениет қызметкері», «Балапан бөбекжайының үздік қызметкері», «Су мекемесінің үздігі», «Мектеп үздігі», «Үздік музей қызметкері», «Үздік медицина қызметкері», «Әкім аппаратының үздік қызметкері» аталымдарының иегерлерін марапаттап, округтің дамуына қолдау көрсетіп жүрген азаматтарға алғысхат табыс етті.
Сонымен қатар облыстық мәслихат депутаты, «ЕрҚожа» шаруа қожалығының жетекшісі Самат Хасанов жұмысшыларының еңбегін бағалап шипажайға жолдама мен 100 000 теңгенің сертификатын табыстаса, аудандық мәслихат депутаты, «Барыс» шаруа қожалығының жетекшісі Ерназар Хамзин жұмысшыларын алғыс хатпен марапаттап, ақшалай сыйлық табыс етті. Сондай-ақ округке қарасты «Перизат», «Бейназар-Б», «Қамқор» шаруа қожалықтарының жетекшілері де жұмысшыларына құрмет көрсетіп, сыйлықтарын тапсырды.
Аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы округтегі игі бастаманы қолдап, өзге ауылдық округтерде де жүзеге асыру жөнінде тиісті тапсырмалар берді.
Асылбек Нәсіпқали
Казталов ауданы