Ақсай қаласындағы «Наурыз» саябағында «Жасыл ел» еңбек жасағының ХХ жазғы еңбек маусымының ашылу салтанаты өтті.
«Жасыл ел» жасағы 2004 жылдан бастап елімізде кең қанат жайды. Осы жылдан бері біздің ауданымызда да бұл жасақ жұмыс істеп келеді.
Биыл сарбаздар 3 маусымнан бастап өз жұмыстарына кірісті. Бөрлі ауданы бойынша биылғы жылға 190, соның ішінде қалаға 150, ал ауылдық округтерге 40 квота бөлінген. Қазіргі таңда сарбаздар ауданымыздың табиғаты таза болуы үшін аянбай еңбектеніп жатыр.
Шара барысында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ақмарал Исмағұлова осы бағдарламаның маңыздылығын жастарға түсіндіріп, еңбек маусымының ашылуымен құттықтады.
– Бүгінгі күні Ақсай қаласында 48 сарбаз жұмыс жасауда. Ал Пугачевте 11, Успенде 6, Бумакөлде 10 және Приуралда 12 сарбаз ауылдардың тазалығына жауапты. Барлық сарбаздар арнайы киіммен және құралдармен қамтылған. Келесі айларда да жасылелдіктер өз жұмыстарын жалғастырады, - дейді Бөрлі аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықмаманы Ардақ Тлепов.
Сарбаздардың қатарында бірінші рет келгендер де, 2-3 жылдан бері еңбек етіп жүргендер де бар. Жиында белсенді еңбек етіп, үздік танылған сарбаздар марапатталды.
Негізінен жасаққа оқушылар мен студенттер 16 жастан бастап қабылданады. 35 жасқа дейінгі жұмыссыз жастар да осы жасақта жұмыс істей алады.
Айдана Абдрахманова
Бөрлі ауданы