21.04.2026, 18:00
Оқылды: 6

Ақсайда ағаш отырғызу іс-шарасы өтті

Жыл сайын көктем келісімен елімізде экологиялық акциялар бастау алады. Биыл да “Таза Қазақстан” республикалық экологиялық акциясы аясында аудан орталығы Ақсай қаласында «Болашақты бірге отырғызамыз» атты ағаш отырғызу іс-шарасы ұйымдастырылды.

WhatsApp Image 2026-04-21 at 14.14.12

«Болашақты бірге отырғызамыз» акциясы өңіріміздің экологиялық ахуалын жақсартуға, жасыл аймақтарды кеңейтуге және тұрғындар арасында табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған игі шаралардың бірі. Игі шараға аудан әкімі Еркебұлан Ихсанов, Ақсай қаласы әкімі Арсен Баяндықов, аудандық мәслихат төрағасы мен депутаттары, ақсақалдар, спортшылар, еріктілер, студенттер мен оқушылар қатысты. Аталған іс-шарада 570 түп ағаш отырғызылды. Соның ішінде 70 түп терек қаламыздың 10-шағынауданындағы Наурыз көшесі бойындағы скверде, ал 500 түп терек Аралтал шағынауданы бойындағы орман қорғау алқабында егілді. Наурыз көшесіндегі скверде өрік, алмұрт, алма, шие және сірке ағаштары, ал Аралтал шағынауданы бойындағы орман қорғау алқабына қара ағаш теректері отырғызылып, көгалдандыру жұмыстары жасалды.

WhatsApp Image 2026-04-21 at 14.15.42

- Жыл сайын қыс кеткеннен кейін елімізде экологиялық акциялар басталады. Бұл дегеніміз тұрып жатқан өлкеміздің экологиясы үшін өте пайдалы. Өздеріңіз білетіндей көше бойында қыстан қалған қоқыстар жатыр. Осы ай басталғалы қаламызда, ауданымыздың ауылдарында мемлекеттік қызметшілер, мекеме қызметкерлері, тұрғындар бәрі де шығып, әкімдіктің бөліп берген жерлерін қоқыстан тазартуда. Бәріміз білетіндей, ағаш көшеттерін отырғызу, көгалдандыру да үлкен мәселелердің бірі. Қазіргі таңда депутаттар, ақсақалдар, жастар бәріміз бірге шығып көшеттер отырғызудамыз. Ағаш отырғызу - игі әрі үлкен сауапты іс. Негізгі мақсатымыз қаламызды абаттандырып, жасыл желекті көбейту, - дейді акцияға қатысушы аудандық мәслихат төрағасы Қайрат Төлегенов.

WhatsApp Image 2026-04-20 at 10.56.45

Ауданымыздың ақсақалдары да аталған шарадан қалыс қалмай, «Таза Қазақстан» акциясына қатысып, қаламыздың экологиясын жақсарту мақсатында жаппай ағаш егу жұмыстарына атсалысты. Ақсақалдар игі істің басы қасында жүріп, жастарға үлгі көрсетіп, тұрып жатқан өлкеміздің көгалдануына, қоршаған ортаны қоқыстан тазартуға белсене қатысты.

- Әр адам өзі тұратын мекенінің көркейіп көгалдануына қолдан келгенше атсалысуы керек. Біз де аз да болса үлесімізді қосайық деген ниетпен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдап, бүгінгі шарада жеміс ағаштарын егіп жатырмыз. Үлкендер де, жастар да, бәріміз бірігіп, қаламыздың көркі үшін, таза ауа үшін еңбек етудеміз. Еккен ағаштарымыз бой жазып өсіп кетсін, - дейді Ақсай қаласының тұрғыны Мұсағали Есенжанұлы.

WhatsApp Image 2026-04-17 at 15.31.08

Акция аясында аудан әкімі оқушылар, студенттер және еріктілермен бірге ағаш екті. Республикалық шарадан аудандық жастар ресурстық орталығының еріктілері де қалыс қалмады.

WhatsApp Image 2026-04-17 at 15.26.58 (1)

- Мен жастар ресурстық орталығының еріктісі боламын. Біздер үнемі осындай экологиялық акцияларға қатысып тұрамыз. Және де ауданымыздағы түрлі іс-шараларға қатысамыз, мұқтаж жандарға көмектесеміз. Ерікті қатарына қосылғаныма тек 4 ай болса да, осы уақыт аралығында көптеген істерді атқардық. «Таза Қазақстан» акциясы аясында бүгінгі шарада ер балдар ағаш ексе, қыздар ағаштарды әктеді. Біз үнемі Ақсай техникалық колледжінің айналасын, ауласын жинап тұрамыз. Барша тұрғындарды, жастарды тазалықты сақтауға, экологиялық мәдениетті ұстануға және қоғамға пайдалы болуға шақырамын, - дейді ерікті, Ақсай техникалық колледжінің І курс студенті Азат Қажыгереев.

 

Айдана Абдрахманова

Бөрлі ауданы

WhatsApp Image 2026-04-17 at 15.36.13 WhatsApp Image 2026-04-17 at 15.33.14 WhatsApp Image 2026-04-17 at 15.41.25

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале