29.02.2024, 19:00
Оқылды: 3

Ақсайда ассамблея мүшелері инспектормен кездесті

Бөрлі ауданына арнайы қызметтік сапармен ҚР Президенті әкімшілігі жанындағы «Қазақстан халқы Ассамблеясының» хатшылығының инспекторы Мұхтар Күлжан келді. Өңірлердегі ассамблеяның атқарып жатырған жұмысымен, жоспар-мақсаттарымен танысу және ассамблея мүшелерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдауды мақсат еткен Мұхтар Төлегенұлының қатысуымен аудан әкімдігінде жиын өтті.

7701bb59-1249-413f-98cf-1a4c68006f0b

Аудан басшысы Еркебұлан Ихсанов ашып берген жиында Бөрлі ауданындағы ассамблеяның қызметі жайлы айтылды. Аудан әкімі 58 мыңнан астам бөрліліктердің арасында түрлі этнос өкілдері барын жеткізді. Оның ішінде орыс, украин, татар, белорус, неміс және басқа ұлт өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті күн кешуде. Сондай-ақ Еркебұлан Нұретдинұлы Қазақстан халқы Ассамблеясының Бөрлі ауданындағы филиалына 8-ге жуық этнос өкілдері тартылып, түрлі бағыттағы жұмыстарды атқарып отырғанын айтты.

Ал арнайы қызметтік сапармен келген Мұхтар Күлжан бұған дейін Ақтөбе облысында болғанын, Жайық өңірінен кейін Атырау, Маңғыстау облыстарына атбасын тірейтінін жеткізді. Өз сөзінде ҚХА хатшылығының инспекторы Президент әкімшілігінде этносаралық қарым-қатынасқа байланысты бірқатар жиындар тұрақты түрде өткізіліп отыратынын айтты.

3ae0148d-51ce-4f5f-92b0-9a335f9da4e5

«Ақордада тұрақты түрде этносаралық саясатқа байланысты жиындар өткізіліп отырады және оған ведомство өкілдері, ассамблея мүшелері қатысады. Өздеріңіз білетіндей, бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы бес министрлікпен меморандумға қол қойып, қазіргі таңда бірлесіп жұмыс істеуде. Мен Батыс Қазақстан облысында да ассамблея тарапынан маңызы зор мәселелер қозғалып, мәдени шаралардың көптеп ұйымдастырылатынын да білемін. Мұндай қызмет жалғасын табуы керек, бірлігімізді қашанда биікке шығаруымыз керек», − деді ассамблея хатшылығының инспекторы.

Жиында сонымен қатар өңірлердегі ассамблея филиалдарының ұлтаралық қақтығыстың алдын алуда маңызы зор екендігі, достық қарым-қатынасты сақтауға еңбек ету керектігі сөз болды. Одан бөлек жиынға қатысқан ауданға этнос өкілдері, ардагерлер кеңесінің мүшелері мен медиаторлар өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Аслан Жайқонысұлы,

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале