1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Ақсай қаласында «Aksai Chess Open 2026» атты ашық рейтингтік шахмат турнирі өтті. Рейтингтік турнир КПО б.в. компаниясы кәсіподақтарының және аудандық шахмат федерациясының қолдауымен ұйымдастырылды. Турнир 7 жастан асқан балалар, ерлер, әйелдер және зейнеткерлер арасында өтті. Жарысқа рейтингі бар және рейтингі жоқ спортшылар да қатысты.

Турнир 10+5 (9 раунд) уақыт бақылауымен Rapid жүйесі бойынша өтті. Турнирге барлығы 48 шахматшы қатысты. Аталған жарыс балалар және ересектер арасында зияткерлік спортты дамыту мақсатында оздырылған. Сондай-ақ турнир шахматты насихаттауға, жастардың интеллектуалдық дамуына қызығушылықтарын арттыруға, бос уақытты мәдени және пайдалы өткізуге, турнирге әртүрлі жастағы және шеберлік деңгейіндегі қатысушыларды тартып, ресми ойындарда тәжірибе алуға арналған рейтингтік форматта өтті. Интеллектуалды ойын барысында бас төреші Вера Каширина, ал төрешінің орынбасары Азамат Ибрагимовтар болды.

- Шахмат – адамның ойлау қабілетін дамытатын бүгінгі күнге дейін сақталған көне спорт түрі. Шахмат ойнау арқылы адам логикасын және шығармашылық қабілетін шыңдайды. Осыған дейін де біз шахматтан жарыстар ұйымдастырдық. Бірақ бүгінгі турнирдің ерекшелігі бұл рейтингтік турнир. Біз рейтингтік турнирді бірінші рет ұйымдастырып тұрмыз. Алдағы уақытта осындай рейтингтік турнирлер көбірек өткізілсе екен дейміз және оған өзімізде атсалысамыз. Бүгінгі жарысқа рейтингі жоқтар да қатысты. Олар осы ойын арқылы өздерінің рейтингін біліп, алдағы уақытта шыңдалады деген үміттеміз, - дейді аудандық шахмат федерациясының президенті Қайырбек Жалмұханов.
Жарыстың қорытындысы бойынша ерлер арасында Жантөре Құлымжан І орын, Андарбек Салихов ІІ орын, Жанатбек Көкенов ІІІ орын иеленді. Ал әйелдер арасында Айжан Габидуллина І орынға тұрақтады. Сондай-ақ қыздар арасында І орын Интисар Нұрмағамбетоваға бұйырса, ІІ орын Аяна Дудина, ал ІІІ орынға Ясмина Мұстаева ие болды. Ардагерлердің арасынан Халим Салихов үздік атанса, Сергей Богачкин мен Бақтығали Макеевтерге ІІ және ІІІ орындар табысталды. Жасөспірімдер арасында Ерасыл Нұрмағамбетов қарсыластарын жеңіп, І орынды алса, Мансұр Тапишев ІІ орынды місе тұтты. Ал Нүркен Навидолла үздік үштікті түйіндеді.

Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдастырушылар атынан диплом және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Айдана Абдрахманова,
Бөрлі ауданы