19.12.2025, 12:54
Оқылды: 5

Ақсайда “Үздік суретші - 2025” атты көрме өтті

Жақында аудандық тарихи өлкетану музейінде “Үздік суретші - 2025” атты суреттер көрмесі өтті. Аталған көрме “ART masters” өнер орталығының ұйымдастыруымен жылды қорытындылау мақсатында оздырылды. Көрмеге орталық тәрбиеленушілерінің жұмыстары қойылды. Жалпы көрмеден 77 оқушының 77 суретін тамашалай аласыздар.

ВЫСТАВКА (30)

Іс-шара өнер орталығының жетекшісі Ляззат Көшекбаеваның құттықтау сөзімен ашылды.

- Бүгін біз сіздермен балаларымыздың шығармашылық еңбегін ортаға салып, олардың ішкі жан дүниесін, таланты мен қиялын сурет арқылы жеткізген туындыларын тамашалап отырмыз. Балалардың әрбір суреті тек бояу мен сызық қана емес, ол - олардың жүрегіндегі шынайылық, тазалық және олардың армандары, - деді орталық басшысы.

ВЫСТАВКА (29)

Шара барысында орталық басшысы Ляззат Исянгулқызы, аудандық тарихи өлкетану музейінің меңгерушісі Зумрад Оқасқызы, орталық жетекшісі Лилия Рахымғалиқызы көрмеге қатысқан және жыл бойына әртүрлі жарыстарға қатысқан оқушыларды орталықтың арнайы дайындаған медальдарымен марапаттады. Көрмеге орталық оқушыларының ата-аналары да балаларын қолдап келді.

- Бүгінгі көрмеде менің немерем Мансур Абишовтің суреттері де қойылған. Немерем 10 жаста болса да республикалық, халықаралық жарыстарға қатысып жүр. Жақында Әзірбайжан елінің Баку қаласында өткен жарысқа қатысып, І орынға ие болды. Немерем осы орталыққа екі жылдан бері барып жүр. Аз уақыттың ішінде осындай жетістіктерге жетіп жатқаны біздерді қуантады - дейді Мансурдың әжесі Роза Жұмабаева.

ВЫСТАВКА (6)

Шара барысында ата-аналар ұстаздарға өздерінің алғыстарын айтып, кезеңті көрмелерінің сәтті өтуімен құттықтады.

- Бүгінгі шараға мен қызыммен келіп отырмын. Қызымның осы орталыққа барып жүргеніне биыл үшінші жыл. Осы уақыт аралығында қызымның сурет салу өнері айтарлықтай дамыды. Жалпы, орталық өте белсенді жұмыс жасайды. Себебі көптеген республикалық, халықаралық шараларға жиі қатысады. Қызым жақында “Алаш” атты байқауға қатысып, жүлделі орынға ие болды. Қазіргі әлеуметтік желі, ұялы телефон дегендер балаларға кедергі келтіретін заманда осындай орталықтар өте керек деп есептеймін. Орталықта сурет салудан бөлек дизайн сияқты бөлімдер де ашылып жатыр. Бұл біз үшін керемет жаңалық. Балаларымыз неше түрлі бағытта жұмыстанып, өз қабілеттерін дамыта алады. Балаларымыздың еңбектерін тамашалай алатын көрмелер көп ұйымдастырыла берсін, - дейді орталық оқушысы Томиристің анасы Жанна Қуатқанова.

ВЫСТАВКА (7)

Аталған көрме аудандық тарихи өлкетану музейінде желтоқсан айының аяғына дейін тұрады екен. Ауданымыздың тұрғындары келіп, тегін түрде қарауларына болады.

 

Айдана Абдрахманова,

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале