3.07.2026, 17:45
Оқылды: 6

Ақсайдағы домбыра марафоны

Ұлттық домбыра күні қарсаңында Ақсай қаласындағы Ғ. Жәңгіров атындағы мәдени-демалыс саябағында «Ұлттың үні – Домбыра» атты ауқымды домбыра марафоны өтті.

image-03-07-26-04-28

 

Марафонға қатысушылар ұлттық киімдерін киіп, қолдарына домбыра ұстап, күй өнерінің құдіретін бірге сезінді. Әсіресе, ата мен әже, әке мен ана, ұл мен қыз болып, бірнеше буынның бір сахнада бас қосуы шараның мазмұнын арттыра түсті. Отбасылық қатысу ұлттық тәрбиенің сабақтастығын айқын көрсетті.

Домбыра марафонына Ақбұлақ, Кеңтүбек, Бумакөл, Жарсуат, Достық, Димитрово, Жанаталап, Қанай, Қызылтал, Приурал, Пугачев, Успен, Бөрлі, Ақсу, Жаңақоныс және Қарашығанақ ауылдық мәдениет үйлері мен клубтарының өнерпаздары қатысты. Сонымен қатар ауданның ерікті жастары, Бөрлі аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің ұжымы, аудандық аурухана қызметкерлері, «Серпер» домбыра студиясы және Бөрлі ауданы білім беру бөлімінің Балалар музыка мектебінің оқушылары өнер көрсетті.

image-03-07-26-04-28-13

Шараның шымылдығы ақ жаулықты әжелердің шашуымен ашылғаны, мерекеге ерекше сән берді. Күй күмбірі мен ұлттық рух астасқан кеште,көрермендер халқымыздың асыл мұрасына деген зор құрметінің куәсі болды.

Мерекелік шара барасында ұйымдастырушылар ұлттық киіммен, отбасымен келіп белсенділік танытқан қатысушыларды, сондай-ақ әжесімен, атасымен бірге келген жас домбырашыларды арнайы сыйлықтармен марапаттады.

Шараның жоғары деңгейде өтуіне демеушілік көрсеткен «Krasotka_kz_aksay», «UNITYFIT» әйелдер фитнес-студиясы және «cakes_aksay» авторлық торт кондитерлік орталығы марафон қатысушыларына ерекше тарту жасады. Кондитерлік орталық домбыра суреті бейнеленген үлкен мерекелік торт әзірлеп, оны барлық қатысушыларға үлестірді.

Ұлттық өнерді ұлықтаған тағылымды марафон көпшіліктің көңілінен шығып, домбыраның халқымыздың рухани өміріндегі орны ерекше екенін тағы бір мәрте айқындады. Өскелең ұрпаққа ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған мұндай игі шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табады деген сенім мол.

Сәнім Меңдібай

"Жайық Пресс"

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале