27.08.2024, 15:00
Оқылды: 240

Ақсайлық Айжан Америкада еңбек етіп жүр

Бүгінгі күні шетелге шығу аса бір таңғаларлық жаңалық емес. Жан-жақтан жаңа мүмкіндіктер ашылып, әлемді аралап қыдыруға, ақша тауып табысыңды молайтуға болады. Содан шығар бүгінгі студенттердің бәрі ыңғайы келсе әрі қыдырып, әрі ақша туып алысқа барып қайтқанды құп көреді.

98AA6536-B46E-4B23-8B03-AD457875C235

Бұрын пәленше Америкаға асып кетіпті деп алыстан естіп отырушы едік. Қазір жанымызда жүрген таныстарымыздың баласы мен қызы Америка қайдасың деп жолға түсіп жатыр. Сондай тиімді де тартымды бағдарламалардың бірі – «Work and travel».

АҚШ елшілігінің сайтында «Work and travel» бағдарламасымен жұмысқа жіберетін агенттіктер көп кездеседі. Америкаға жұмысқа барғысы келетіндер алдымен осындай агенттіктердің көмегіне жүгіне алады.

Олардың санатында «AirTravel International Kazakhstan», «Avier Grand LLP», «Columbus Exchange», «Corvette Center», «International Exchange Center», «IYECNovosibirsk», «Kazakhstan Council for Educational Travel (KCET)», «Opportunity Language School», «United Students Company», «Work and Study Abroad» секілді компаниялар бар екен.

Бірақ олардың бәрінің шарттары бірдей емес. Мысалы, кейбір компаниялар құжаттарды рәсімдеп, барлығын ұйымдастырғанымен, жұмыс тауып бермейді. Ал кейбірінің ұсынатын қызметіне жұмыс, тұратын үйді тауып беру ғана кіреді.

Әркім өзіне сай, ыңғайына келетін компанияны таңдап, жұмысқа аттануға мүмкіндік алады. Дегенмен барлық компанияға ортақ шарттардың бірі ағылшын тілін мейліше жақсы білуіңіз керек.

Осы бағдарлама негізінде ақсайлық Айжан Исмағұлова Америка Құрама Штаттарының Королина штатына аттанған. Біз Айжанмен байланысқа шығып, бірнеше сауалымызды жолдадық.

– Ақсайдан Америкаға жол қалай басталды?

– Мен осы жылы «Work and Travel» бағдарламасы бойынша Америкаға барған болатынмын. Бұл бағдарлама өткен жылы университетімізге келіп, өздері туралы толық ақпаратпен таныстырды. Сол сәттен бастап АҚШ-қа осы бағдарлама, соның ішінде «Opportunity» компаниясы арқылы баруды жөн көрдім.

– «Work and Travel» бағдарламасының ерекшілігі мен мүмкіндіктері қандай?

– Жалпы «Work and Travel» бағдарламасы – ауқымды, кең таралған және барлығына қолжетімді тәжірибе алмасу бағдарламасы деп сипаттасақ қателеспейміз. Бұл АҚШ-та естен кетпес демалыс пен америкалық мәдениетпен танысқысы келетін жасөспірімдерге арналған керемет мүмкіндік. Осы арқылы айналаңа басқаша баға беріп, жаңа ортаны, әлемді көре аласың. Сонымен қатар мұндай саяхаттар көкжиегіңді кеңейтіп, болашаққа деген көзқарасыңды  өзгертуге ықпал жасайды. Сол арқылы өзіңді жаңа қырыңнан тани аласың. Әрбір студент Америкаға келерде өз алдына белгілі бір мақсат қояды. Бірі ағылшын деңгейін жақсарту үшін болса, ал бірі жаз бойы мықты тәжірибе жинап, қызықты жерлерді көруді ойлап келеді. Менің осы бағдарламаға қатысудағы басты мақсатым – ағылшын тіліндегі сөйлеу қабілеттілігімді арттыру болды. Өйткені мен болашақ шет тілі пәні мұғалімі ретінде ағылшын тілін жетілдіруім керектігі маңызды екені анық. Солай мен ағылшын тілінің нағыз маманы, шынайы ұстаз боламын деген ойдамын.

– Америкадағы алғашқы күндер қалай өтті?

– Америкадағы алғашқы күндерім сәл қиындау әрі қызықты өтті. Мен Американың South Carolina штатының Myrtle Beach қаласын таңдаған болатынмын. Нью-Йорктан өз қаламызға келгеннен кейін ғана үлкен қалада өзімнің жалғыз, жақындарымнан жырақ екенім сезілді. Бірақ тұрып жатқан көшемізде j-1 студенттері көп еді және көбі қазақтар болды. Олармен танысып, жаңа қалаға тез сіңісіп кеттім. Жұмысым түрлі типтегі адамдармен байланыс жасауды талап етеді. Соның арқасында қазір Америкадан көп достар таптым.

– Америкалықтардың өмір сүру құндылығы қандай екен, неге көп мән береді?

– Менің Америкадан байқаған ең басты құндылықтарым – өткен мен болашақ үшін қам жемей, қазіргі сәттен ләззат ала білу, ой, сөз, көзқарас еркіндігі. Ел тұрғындары әр адамды жеке тұлға ретінде қарастыра алады, көзқарастарымен санасады, бір-бірінің ойына сыйластықпен қарайды, жамандығын жасырып, жақсылығын асырып жүруге әзір. Сонымен қатар мен Америка халқынан эмоционалдық байланысты байқадым. Тіпті мүлде бейтаныс адамдар бір-біріне күнделікті жақсы сөздер  айтып, үнемі жай-күйімен алмасып отырады. Олар үшін «Қайырлы таң!», «Күнің сәтті өтсін!» деген сөздер күнделікті үйреншікті мәтін. Осыдан-ақ, адамдарының бір-біріне деген жағымды энергетика алмасуы, бейтаныс адамға өз жақынындай қарым-қатынас жасайтынын байқауға болады. Осы тұста бұл елден аларымыз бар екенін ұғындым.

– Олар біздің ел туралы не біледі? Елді сағынып үлгердің бе?

– Америка халқы Қазақстанды әсем табиғаты, халқының қонақжайлылығы мен бай салт-дәстүрімен танып жатады. Қазақ халқына деген көзқарастары өте шынайы. Қазақстан – менің кіндік қаным тамған, бой жеткен, өсіп-өңген жерім. Америкадан аларымыз көп болғанымен, «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» демекші, Қазақстаным – мен үшін ең жылы, ең шынайы және ғажап ел. Халқымыздың тарихы терең, салт-дәстүрі бай, үлкен-кішіге деген сыйластығы мол. Америка өте еркін ел болғандықтан үлкен-кіші, ұл-қызға бірдей тұлға ретінде қарайды. Бұл нәрсенің жақсы да, жаман жақтары бар. Осы тұста мен өз елімде туғаныма қуанамын. Біздің ел үлкенді арқасүйер, өнегелі тұлға, кішіні келешек ұрпақ, ел болашағы деп сыйлайды. Мен барша замандастарымды ел аралау, тіл білу, жаңа мәдениетпен танысуға шақырамын! Америка Құрама Штаты – өте күрделі, көп мәдениеттер тоғысқан, дүние жүзінің көзқарасын бір нүктеде қамтитын ел. Менің шет елге ең алғашқы сапарым осы елден басталғанына қуанамын. Бұл мүмкіндік үшін әрине, мені әрдайым қолдайтын ата-анама айтар алғысым шексіз! Бұл мен үшін, ата-анам үшін ғана емес, ұлтым үшін үлкен мүмкіндік деп ойлаймын. Себебі мен тіл маманы ретінде алған білімімді өз елімде іске асырып, «шетелдік» теорияларымды Қазақстанда идеяға ұластырғым келеді. Себебі, көзі ашық, көкірегі ояу ұрпақ қалыптастыру үшін, жан-жақты, сындарлы білім алу қажет. Ал ол білім дүниежүзін тану, зерттеу, өзге мәдениет, салт-дәстүрмен танысу, көзқарасыңды кеңейту арқылы келетін дүние.

Айжанның болашаққа қойып отырған жоспары көп. Ол шет тілін парктика тұрғысынан меңгерген нағыз кәсіби ұстаз болғысы келеді. Өзінің деңгейі арқылы елдегі оқушылардың білімін жоғары дәрежеге жеткіземін деген үлкен мақсаты бар. Біз Айжанға осы арманның жолында адаспауын, шығар асуы биік болуын тілейміз.

Сұхбаттасқан Мейрамбек Сыдықов

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале