14.06.2024, 17:00
Оқылды: 106

Ақсайлық алты түлек «Алтын белгі» иегері атанды

11 жыл бойы үздік нәтиже көрсетіп, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған аудандағы алты түлекті аудан әкімінің орынбасары Алтай Тоқжанов қабылдап, «Алтын белгі» төсбелгісімен марапаттады. Олар: Аида Ғабдулова (Ақсай қалалық №4 ЖОББМ оқушысы), Назерке Жантөриева (Ақсай қалалық №5 ЖОББМ оқушысы), Максим Бердник (Ақсай қалалық №5 ЖОББМ оқушысы), Абзал Сандыбай (Ақсай қалалық №7 ЖОББМ оқушысы), Гүлім Сариева (Ақсай қалалық №7 ЖОББМ оқушысы) және Әли Мықтыбаев (Ақсай қалалық №7 ЖОББМ).

0926D7BF-B15D-4D0F-9FAB-E54BC3C5B598

Артқан үмітті ақтап, жоғары білім көрсеткен түлектерге құрмет көрсеткен аудан басшылығы Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романының төрт томдығын сыйлыққа берді және ата-аналарына аудан әкімі Еркебұлан Ихсановтың алғысхатын жолдады.

Аудан басшысының құттықтауында «11 жыл бойы білім алған ұясынан ұшқалы отырған ұл-қыздарыңыз өзін талапты, білімді, еңбекқор, әрі заманауи білімді игерген дарынды тұлға екенін дәлелдеп, «Алтын белгі» иегері атады. Ата-ананың қолдауы балаға сенімділік пен жаңа жеңістерге жол ашады. Сіздердің ерен еңбектеріңіздің, саналы тәрбиелеріңіздің арқасында туған жерін құрметтейтін, білімге құштар жас өрен өсіп келе жатыр. Балаларыңыздың алар белестері көп болсын! Сіздерге мықты денсаулық, амандық және отбасылық бақыт тілеймін» делінген.

Өзінің құттықтау сөзінде Алтай Серғазыұлы түлектерге сәт-сапар тілеп, қалаған мамандықтың дипломын алғаннан кейін, ауданымыздың дамуы үшін еңбек етуге шақырды.

– Бұл – қызығы мен қиыншылығы мол, қайталанбас балалықтың бал дәуренін артқа тастап, үлкен өмірге жолдама алатын айтулы сәт. Бүгін сіздер 11 жылы білімге деген ізденіс пен талпынысты, табанды еңбек нәтижесінде ата-аналарыңыздың, ұстаздарыңыздың сенімін ақтап бүгінгі игі шараның басты кейіпкеріне айналып отырсыздар. Алдағы кезеңде де терең білім алу жолында жалықпай, талмай ізденіп, ел тізгінін ұстайтын азамат болуды мақсат етіңіздер, - деп ізгі тілегін жолдады.

Шарада «Алтын белгі» иегері Абзал Сандыбай түлектердің, ал, Назерке Жантөриеваның анасы Бақытүл Мирханқызы барлық ата-аналардың атынан сөз алып, аудандағы білім деңгейінің жоғары болуына және мектептердің материалдық-техникалық базасының жыл сайын жаңарып отырғандығын айтып, аудан әкімшілігіне ризашылықтарын білдірді.

Жалпы ауданда биыл 444 оқушы алтын ұяларымен қоштасып, үлкен өмірге қадам басты.

Олардың алтауы «Алтын белгі», 23-і «Үздік аттестат» иеленді.

Айым Нұрғалиева

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале