Аналар мерекесі қарсаңында Бөрлі ауданында «Алтын алқалы» аналар қатары көбейді. 8 құрсақ көтерген ақсайлық Айсұлу Аманғалиева мамыр айында 85 жасқа толады. Көп бала тәрбиелеп өсіргені үшін 2003 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің №1206 жарлығы негізінде «Күміс алқа» алқасымен наградталған. Ал, батыр анаға «Алтын алқаны» жәй табыстауының себебі, керек құжаттардың уақытылы жиналмауында, дейді балалары.
Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Ақсай қаласы әкімінің міндетін атқарушысы Бекболат Губаев әженің шаңырағына арнайы барып, «Алтын алқамен» наградтады.
Әз ананың хал-жағдайын сұрап, емен-жарқын әңгіме өрбіткен Бекболат Максимұлы аудан әкімі Еркебұлан Ихсановтың ыстық сәлемін жылдады. Оған қоса гүл шоқтары мен тәттілер салынған себетті ұсынды.
Өз кезегінде Айсұлу әже ел тыныштығын тілеп, ақ батасын берді.
- Менің байлығым – балаларым. Жоладасым екеуміз осылар өсіп, адам болсын деп тіледік. Шүкір, барлығының өз отбасы бар. Үлкен ұлым мен қызым зейнетке шықты. Бір қызым Ақтөбе облысында тұрады. Қалғандары жанымда. Кіші бала-келінімнің қолындамын. Аппақ етіп бағып отыр. Барлығына шүкір. Немере-шөберелірім «әжеліп» келіп, батамды сұрап тұрады. Осыдан асқан бақыт бар ма мен үшін. Мереке деп құттықтап келіп жатқан баршаңызға алғыс айтамын. Аман болыңыздар. Елдің тыныштығын тілеймін, - дейді әз әже.
Айсұлу Ермұханбетқызы 1939 жылы 20 мамырда қазіргі Сырым ауданы Құрқұдық ауылында дүниеге келген. Сол ауылда мектеп бітіріп, 1961 жылы Темірболат Аманғалиевке тұрмысқа шығады. Совхозда әр-түрлі қызметте еңбек етеді. Көбіне бала күтімімен үйде болған екен. Балаларының тәрбиесіне көңіл бөліп, адалдыққа, үлкенді сыйлауға тәрбиелеп отырған. Бүгінде сол 8 баладан тараған 12 немере, 9 жиен, 27 шөбересіне ақылшы, үлгі тұтар әжесі болып отырған жәйі бар.
Айым Нұрғалиева,
Бөрлі ауданы