8.03.2024, 11:29
Оқылды: 16

Ақсайлық әжеге «Алтын алқа» табысталды

Аналар мерекесі қарсаңында Бөрлі ауданында «Алтын алқалы» аналар қатары көбейді. 8 құрсақ көтерген ақсайлық Айсұлу Аманғалиева мамыр айында 85 жасқа толады. Көп бала тәрбиелеп өсіргені үшін 2003 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің №1206 жарлығы негізінде «Күміс алқа» алқасымен наградталған. Ал, батыр анаға «Алтын алқаны» жәй табыстауының себебі, керек құжаттардың уақытылы жиналмауында, дейді балалары.

WhatsApp Image 2024-03-06 at 16.43.10

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Ақсай қаласы әкімінің міндетін атқарушысы Бекболат Губаев әженің шаңырағына арнайы барып, «Алтын алқамен» наградтады.

Әз ананың хал-жағдайын сұрап, емен-жарқын әң­гі­ме өрбіткен Бекболат Максимұлы аудан әкімі Еркебұлан Ихсановтың ыстық сәлемін жылдады. Оған қоса гүл шоқтары мен тәттілер салынған себетті ұсынды.

Өз кезегінде Айсұлу әже ел тыныштығын тілеп, ақ батасын берді.

- Менің байлығым – балаларым. Жоладасым екеуміз осылар өсіп, адам болсын деп тіледік. Шүкір, барлығының өз отбасы бар. Үлкен ұлым мен қызым зейнетке шықты. Бір қызым Ақтөбе облысында тұрады. Қалғандары жанымда. Кіші бала-келінімнің қолындамын. Аппақ етіп бағып отыр. Барлығына шүкір. Немере-шөберелірім «әжеліп» келіп, батамды сұрап тұрады. Осыдан асқан бақыт бар ма мен үшін. Мереке деп құттықтап келіп жатқан баршаңызға алғыс айтамын. Аман болыңыздар. Елдің тыныштығын тілеймін, - дейді әз әже.

WhatsApp Image 2024-03-06 at 16.43.14

Айсұлу Ермұханбетқызы 1939 жылы 20 мамырда қазіргі  Сырым ауданы Құрқұдық ауылында дүниеге келген. Сол ауылда мектеп бітіріп, 1961 жылы Темірболат Аманғалиевке тұрмысқа шығады.  Совхозда әр-түрлі қызметте еңбек етеді. Көбіне бала күтімімен үйде болған екен. Балаларының тәрбиесіне көңіл бөліп,  адалдыққа, үлкенді сыйлауға тәрбиелеп отырған. Бүгінде сол 8 баладан тараған 12 немере, 9 жиен, 27 шөбересіне ақылшы, үлгі тұтар әжесі болып отырған жәйі бар.

Айым Нұрғалиева,

Бөрлі ауданы  

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале