5.12.2023, 16:00
Оқылды: 35

Ақсайлық оқушылар киноға түсті

Бала кезімізде кино көрген сайын «шіркін, мен де мына балалар сияқты кинода ойнасам» деп армандайтын едік. Тек менің емес, көп баланың арманы киноға түсу еді. Бірақ ол арман – бала арман болып қалды. Ал қазіргі уақытта киноға түсем деген балаға көптеген мүмкіндік бар. Соның бірі - арнайы академияда оқып шыңдалу болса, екіншісі кастингке қатысу.

кино 3

Жақында Ақсайдағы кинотеатрда «Құпиялар тақтасы» атты балалар фильмі көрсетілді. Ол «Мейрам» балалар киностудиясының туындысы. Фильмге Бөрлі ауданында оқитын балалар түскен екен.

«Мейрам» балалар киностудиясы негізінен Шымкент қаласында орналасқан. Киностудия 2014 жылдан бері жұмыс жасайды. Онда тек балаларға арналған фильмдер түсіріледі. Киностудияның екі жарым миллионға жуық оқырманы бар арнайы youtube каналы да бар. «Мейрам» түсірген кинолардың 85-90 пайызы Шымкент қаласында түсірілген. Еліміздің түкпір-түкпірінен «біздің де фильмге түскіміз келеді» деп балалар мен ата-аналардан хаттар келіп тұрады екен. Сол себепті екі жылдан бері еліміздің қалаларын аралап, кастинг ұйымдастырып, талантты балаларды іздеп, фильмге түсіріп, кинотеатрларда презентация ұйымдастырып жүр. Осы уақытқа дейін киностудия түсірген фильмдердің саны шамамен 9 мыңнан асады. Киностудияның youtube каналы кішкентай балалар мен мектеп оқушылары арасында танымал. Балалар әр киноны асыға күтеді.

кино 1

Киностудияның арнайы академиясы да бар. Ол жерде балалар оффлайн оқиды. Онда актер, режиссура, сценарий жазу, ораторлық өнердің курстары да бар. Ал басқа қалалардағы балалар онлайн оқиды. Арнайы бағдарлама арқылы мұғалімдер балаларға аптасына екі рет сабақ өткізеді. Мамандар қаламызға жазда келіп, кастинг өткізіп, киноны түсіріп, бүгін премьераға келіп тұр екен. Әр 2-3 ай сайын кастинг жасап, келіп отырамыз дейді. Келесі жылдың қаңтар, ақпан айларында қаламызға қайтып келулері мүмкін екен.

- Балалар кастингтен өткеннен кейін, оларды бірден түсірілімге араластыра алмаймыз. Бала үшін бірден түсірілім алаңына бару өте ауыр болады. Сол себепті, біздің мамандар 15-20 күндей балаларды онлайн үйретеді. Сабақ барысында сценариймен жұмыс, үй тапсырмалары, баланың өзін-өзі ұстауы қаралады. Сабақ біткеннен кейін біздің түсірілім тобы келіп, бір аптаның ішінде киноны түсіреді. Түсірілім біткеннен кейін кино бір ай көлемінде монтаждалады. Бәріңіз білетіндей, монтаж - өте қиын процесс. Оның белгілі бір жерлерді бояйтыны, дыбыстауы бар. Ал монтаждау жұмысы аяқталғаннан кейін, кино түсірілген қалаға келіп, арнайы презентация жасалады. Презентация өткеннен кейін ғана кино біздің каналға салынады. Киноға түсу де - баланың дамуына үлкен мүмкіндік. Ал бала әрі қарай өзін ашып, дамытса, шақыртулар алады. Бұрын «Балапан» телеарнасында «Томпақ» деген фильм болатын. Сол «Томпақ» фильміне түскен Олжас деген жігіт біздің академияда оқыған. Қазіргі таңда ол үлкен әртістермен бірге киноларға түсіп жүр. Сол сияқты киноға түскен әр балада осындай мүмкіндік бар. Бала өзін жақсы көрсетсе, режиссердің көзіне түсіп, арнайы шақыртулар алуы мүмкін. Кастингке келетін әр бала әр түрлі болады. Бірі бөтен адамға қарап сөйлей алмайтын қорқақ болса, енді бірі өзін-өзі көрсете алатын өте епті балалар болады. Біздің мамандарымыз осы уақытқа дейін көп баламен жұмыстанды. Қазір олар әр балаға қалай жақындау керек екенін білетін кішігірім психологтар. Бүгінгі киноға түскен балалармен жұмыс қиын болмады. Себебі бәрі де жанып тұрған, өте талантты балалар. Біз бұл киноны бір апта болмай түсіріп үлгердік. Себебі балалар өз сөздерін жақсы, ұмытпайтындай жаттап алған. Түсірілім кезінде де әр сахнаны 1-2 дубльден түсірдік, - дейді «Мейрам» киностудиясының жетекші әрі кастинг ұйымдастырушысы Жамбыл Мырзағали.

кино 2

Ұйымдастырушының айтуынша, киностудия түсіретін кинолардың ұзақтығы 35-40 минут болады. Бұл бала үшін толықметражды кино болып саналады екен. Уақыты одан ұзап кетсе, балаға ауыр тиеді дейді. Түсірілім таңғы 08.00-ден кешкі 18.00-ге дейін болады. Сабақ уақытында балаларды сұрап алу үшін арнайы киностудияның атынан мектепке хат жазады екен.

- Бүгінгі киноға біз кастинг арқылы өттік. Аудандық мәдениет үйінде үлкен кастинг өткен болатын. Бұл қызымның екінші киносы. Бірінші киносы былтыр №3 мектепте түсірілді. Ол кино «Блокнот» деп аталады. Ал биыл №6 мектепте түсірілді. Түсірілім барысы өте қызықты өтті. Балалар да, ата-аналарда өте қуанышты. Қызым негізінен кішкентай кезінен неше түрлі жарысқа, қойылымға қатысып жүр. Қызымның бойынан әртістік қабілетін байқап, кастингке алып келдім. Киностудияның мамандары да баламен жақсы жұмыстана біледі. Мен де бұл кинода тарих пәнінің мұғалімі рөлін ойнадым. Бұл фильм үлкен тәрбие құралы деп санаймын. Мектепте түрлі жағдайлар болып тұрады ғой. Киностудияның барлық киносы балалардың басынан өтетін жағдайлар туралы. «Мейрам» киностудиясына және мамандарға алғысымызды білдіреміз, - дейді ата-аналардың бірі Салтанат Иманғазиева.

«Мейрам» киностудиясы өткізетін кастингтерге 7-14 жас аралығындағы балалар қатыса алады. Кастинг кезінде балаларды режиссерлердің өздері таңдап алады. Кастинг барысында берілген әр түрлі жағдаяттарды балалар эмоцияларын шығарып ойната алу керек екен. 150-200 баланың ішінен 16 немесе 24 баланы таңдайды. Негізінен бір фильмге 8 баладан түседі. Бірақ іріктеуден 16 бала өткен жағдайда екі кино түсіріледі.

Айдана Абдрахманова,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале