Шыңғырлау ауданы орталығынан шалғай жатқан Ақшат ауылына аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттар А.Қалмағамбетов, Г.Волкогон, А.Камзаева, А.Талдыбаев, Ж.Мухамбетов және аудандық сайлауалды штаб мүшесі А.Шотпанов келді. Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының шеңберінде ауыл жұртшылығымен тілдескен үміткерлер «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, ақшаттықтардың да тілектері мен өтініштеріне назар салды.
Жалпы, ауыл тұрғындары үшін бұл жыл өте сәтті жыл болды. Ауылдағы орта білім беретін мектеп күрделі жөндеуден өтіп, заманауи келбет алды. Денсаулық сақтау, мәдениет, байланыс нысандары толық жұмыс істеп тұр. Тіпті ауыл жұртшылығына ыңғайлы болу үшін интернет желісінің жылдамдығы да талапқа сай қосылған. Ауылдағы басты көше қатқыл жабдықпен жабылды. Ендігі жерде ауыл тұрғындары мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін мүлт жібермей, еңбек етіп, саналы ұрпақ өсіріп, ел бірлігін сақтайтын тірлік етулері керек. Осы жайттарды тілге тиек еткен үміткерлер еліміздегі басты көшбасшы партия «Nur Otan» партиясының халық үшін жасап жатқан жұмыстарына жұртшылық қолдау танытып, жүзеге асыруға өз үлестерін қоса беретіндіктеріне сенім білдірді. Партияның «Кедергісіз келешек», «Ардагерлерді ардақтайық», «Бақытты отбасы» т.б. партиялық жобаларының шапағаты ауыл-елге де жетіп, жұртшылық қолдауын сезінуде делінген басқосу өзара ортақ шешімге негізделген тұжырыммен аяқталды.
Сонымен қатар ауыл тұрғындары егістік жерлерді жайылымға аудару, ұзын екі көшенің жолын жасау (Икалиев, Тихоненко) көшелерін асфальттау, ауруханаға медбикелер жетіспеушілігі туралы ұсыныстарын жеткізді.
Гүлшат Ибрагимқызы,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz