Қазан айы – аға ұрпақтың қоғам өміріне қосқан үлесіне шынайы ризашылық білдіретін және қамқорлық көрсететін ерекше мейірімге толы ай. Болашақ жастар мен орта буын өкілінің қазыналы қарттардан алар тағылымы мол.
Осы ретте, теректіліктер жасы үлкен кісілерге жылдағы бағыт бойынша ерекше көңiл бөліп келеді. Үлкенге құрмет көрсетуде ақсуаттықтар да салтынан жаңылған емес. Бұл сөзімізді Ақсуат ауылдық округінде өткен шара дәлелдей түсті. Айталық, Ақсуат ауылдық округі əкімі аппаратының жəне ауылдық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен əр жылдары ауылда еңбек еткен ардагерлерге арнап мерекелік дастархан жайылды.
«Кең дала» мейрамханасында ел ағалары мен аналарының басқосуына «КА-СТРОЙ ЛДТ» ЖШС-нің демеушілік жасағанын айта кеткен жөн.
Саналы ғұмырын елі, халқы мен келешек ұрпағына арнаған, өңіріміздің өсіп-өркендеуі жолында аянбай еңбек еткен алдыңғы буын аға-апаларды төл мерекелерімен аудан əкімі Тілек Габдушев пен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаламдар Исмаков құттықтады.
Жүздесу барысында ардагерлер естеліктерімен бөлісіп, ризашылықтарын білдіріп шат-шадыман көңіл күй кешті. Ал ауыл өнерпаздары әуезді әндерімен әрледі.
Ақсуаттық ардагерлермен жүздескен аудан әкімі Тілек Александрұлы таяуда ашылған мешітке соғып, тіршілігімен танысты.
Айшабибі Мәмет,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz