Таңмен жұмыс телефоны шыр етті. Арғы жақтағы дауысты бірден таныдым. Теректі ауданы Ақсуат ауылдық округінің әкімі Жаннұр Ахметов хал сұрасқан соң, бір жыл көлемінде округ бойынша атқарылған жұмыстармен аудан халқын құлақтандыруымызды сұрады.
Жалпы, ауданға қарасты округ әкімдерінің қашан осылай өтініш білдіргені есімізде жоқ. Әр ауылда болып жатқан жаңалықтар мен атқарылған жұмыстардың денін әкімдер не облыс басшысы, не аудан әкімі белгілі бір ауылға жұмыс сапарымен барғанда естиміз. Сол себепті, Ақсуаттың әкімінің ұсынысын бірден қолдап, жолға тас-түйін дайындалдық. Жаннұр Бекбауұлы журналистерге құрмет білдіріп, арнайы көлік жіберіп алдыртты. Сонымен....
Ауқымды іс көп
Ақсуат ауылдық округінің құрамына Әйтиев, Магистральный, Пойма және Ақсуат ауылдары кіреді. Округ орталығы Ақсуатта 1280 адам тұрса, округ бойынша халық саны 3 мыңнан асады. Ақсуатқа Жаннұр Ахметовтың (суретте) әкім болып сайланғанына да көп бола қойған жоқ. 2021 жылдың шілдесінде ауыл халқы үш үміткердің арасынан Жаннұр Ахметовтың кандидатурасын әкімдікке лайық көрді. Халық аманатын арқалаған әкім жауапкершілік жүгін жақсы түсінеді.
-Әкімдікке үміткер болған сәттен бастап мен бұл қызметтің оңай болмасын бірден түсіндім. Себебі, әкімді халық таңдайды. Ал халықтың сеніміне селкеу түсіруге әсте болмайды. Осы жауапкершілік жүгін сезініп, жұмысқа кірістім. Бір жылдан астам уақыт ішінде бірқатар жұмыстар атқарылды. Әлі де жоспар көп. Оның бәрін мен мақтанайын деп емес, аудан айнасы арқылы барша теректіліктер білсе екен деген ниетпен айтып отырмын. Халық үміт артқан соң, босаңсуға болмайды,-деді біздерді қарсылап алған округ әкімі.
Әйтиевтің жолы тақтайдай болады
Әкім журналистерді алдымен Әйтиев ауылына апарды. Себебі, аталмыш ауылда тірлік қайнап жатыр. «Жол қадірін жүрген білер» демекші, ауылтұрғындары көптен бері сапасыз жол хақында базыналарын айта-тұғын. Енді, мінекей, бұл түйткілді мәселенің түйіні шешілмек. Бүгінгі таңда ені 7 метр, ұзындығы 1 шақырым болатын кіреберістегі жолды күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Бұған білек сыбана кіріскен мердігер - «Ануш Құрылыс» ЖШС. Теректі аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль тасымалы бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, өңдеу жұмыстарына республикалық бюджеттен 121,2 млн теңге, ал аудандық бюджеттен 43 млнтеңгеқаржы бөлінген. Аталмыш компания Теректіде Әйтиев ауылынан бөлек Магистральный, Тоқпай, Жаңа Өмір ауылдарының кіреберіс жолдарын жөндеуден өткізуде. Әйтиевтің жолы ағымдағы жылдың қазан айында аяқталады екен. Ол жөнінде серіктестік өкілі Марат Айтымбетов мәлімдеді.
Бетон зауыты іске қосылмақ
Журналистердің келесі бағыты - іргесі енді қаланып жатқан бетон зауыты болды. Осы салада тәжірибесі мол «Батыс-Констракшн» компаниясы «Ақжайық» өндірістік кооперативімен бірге Ақсуатта бетон өндіретін зауыт салуды қолға алған екен. Қазіргі таңда зауыттың жұмысы басталған. Жоспарда арнайы офис салынып, зауыт қыста да жұмыс жасай беретіндей мүмкіндік қарастырылуда. Зауытта 15 адам жұмыспен қамтылған. Оның дені – ақсуаттықтар.
-Округте құрылыс жұмыстары көп жүріп жатыр. Барлық құрылыс жұмыстарына бетон аса қажет. Осы қажеттілікті өтеу үшін аталмыш жобаны қолға алдық. Алда жоспарларымыз өте көп. Бастысы жергілікті халыққа жаңа жұмыс орындарын ашуды мақсат етіп қойдық,-дейді «Батыс-Констракшн» компаниясының бас механигі Алтай Хайруллин.
«Сәттілікке» сәттілік!
Алақандай Ақсуатта шағын маркет бар дегенде таң қалғанымыз рас. Сол шағын маркетті иелері мемлекеттің көмегіне жүгінбей, өз күштерімен ашты дегенде сол жаққа қарай асықтық.
Кенжеғалиевтер отбасы ауылдан шағын маркет ашуды бір жыл көлемінде ойластырған. Сөйтіп жүріп, Жасұлан Кенжеғалиев 30 миллион көлемінде өз атына несие алып, мақсатқа қарай қадам басыпты. Алдымен шағын маркетке қолайлы деген ғимаратты сатып алып, оның ішін азық-түлікпен толтырған. Осыдан үш ай бұрын шағын маркет өз есігін айқара ашты. Маркеттің ашылуына аудан басшысы Тілек Габдушев келіп, жас кәсіпкерге сәттілік тіледі.
-Шағын маркеттің атауын жолдасым екеуміз ақылдаса келіп, «Сәттілік бізге серік болсын» деген ниетпен «Сәттілік» деп қойдық. Қазіргі таңда жұмысымыз жолға қойылды деуге негіз бар. Азық-түліктің бағасы халыққа қолжетімді. Сол себепті, бізге қарай ағылатын жерлестеріміздің қарасы көп. Тіпті көршілес Новопавлов, Теректі, Тоқпай ауылдарынан да келіп, сауда жасап жатады, - дейді Алтыншаш Кенжеғалиева.
Іші мен сырты келіскен, атауы құлаққа жағымды шағын маркет болашақта үлкейіп, жас кәсіпкерлердің арманы орындалады деп сенеміз.
Көптен күткен қуаныш
Иә, Ақсуат ауылдық округіне қарасты Пойма ауылының тұрғындары бұл сәтті көп күтті. Әкімдердің есеп беру жиындарында қозғалатын мәселенің ең ауқымдысы да осы Поймадағы жағдай-тұғын.
Бүгінгі таңда Пойма ауылында 108 орындық мектептің құрылысы жүріп жатыр. Жергілікті тұрғындардың қуанышын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Себебі, осы кезге дейін ауылдағы балалар тасымал арқылы көршілес ауылдардағы мектептің есігін қағатын. Білім ордасының құрылысын «ҚПО б.в» компаниясының демеушілігімен «КА-Строй ЛТД» ЖШС жүргізіп жатыр. Тамыз айында басталған жұмыстар ақпан айында аяқталады деп күтілуде. Жобаның құны – 520 млн теңге. Қазірдің өзінде құрылыс басында жергілікті үш тұрғын жұмыс жасауда.
Есік жасаудың шебері
Округ әкімімен тілдесе жүріп,«Ауылда ерекше қасиетімен көзге түсіп жүрген тұрғындар бар ма?» деген сауал тастағанбыз. Әкім мырза бірден Зайдолла Досановтың есімін тілге тиек қылды. Сұрастырсақ, Зайдолла Қамидоллаұлы тұрмысқа аса қажетті есік, терезе жасаумен айналысады екен. Бір күнде 7-8 есік жасайды дегенді естігенде таңданысымызды жасыра алмадық.
Біз іздеп барған сәтте Зайдолла қызу жұмыстың үстінде екен. Жуырда қолы шебер ақсуаттықтың еңбегі еленіп, облыс көлемінде қайтарымсыз қаржыға да ие болған. Енді ол есік һәм терезеден бөлек киіз үй жасаумен де айналыспақшы. Зайдолланың осы жобасы мемлекет тарапынан қолдау тауыпты.
-Менің көмекшілерім – ұлдарым. Бір ұлым маған осы жерде көмектеседі. Жасаған есіктерімізді екінші ұлым облыс орталығындағы базарда сатады. Бұл кәсіппен айналысып келе жатқаныма 15 жылдай уақыт болды. Алда жоспарым көп. Мемлекет тарапынан қолдау да бар. Қайтарымсыз қаржыға қол жеткізіп, енді киіз үй жасаймын ба деп білекті сыбанып отырмын. Үйдегі ішкі есіктерді де жасап көрсем деймін. Сыртқы темір есіктердің бағасы 65 мың теңге көлемінде. Облыс орталығымен салыстырғанда бұл баға едәуір арзан,- деп сөзін қорытты ақсуаттық шебер.
P.S.Ақсуаттағы бір күніміз осылайша түгесілді. Округ әкімі орталықтың сәнін келтіріп тұрған су жаңа балаларға арналған алаңқайды көрсетіп, сонымен қатар ашық-шашық жатқан трансформаторларды қоршау жұмыстарымен таныстырды. Қарап тұрсақ, ауылдың ажары кіріп келеді. Тұрғындар да қарап отырмай, бірі ірі қара ұстаумен, бірі жаңа кәсіптің көзін табумен айналысады. Округ аумағындағы құрылыстардың қарқыны жақсы. Оның бәрі жергілікті тұрғындардың әкімін қолдауының, сонымен бірге әкімнің кабинетте тығылмай, елмен қатар жүруінің нәтижесі. Ақсуаттың алға қадам басқанын көзбен көріп, жүзеге асып жатқан жұмыстарға көңіліміз толып қайтты.
Әділет Орынбасаров,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz