8.12.2021, 17:20
Оқылды: 51

«Ақталмаған» тұлғаларды ақтайтын уақыт жетті

2020 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың бастамасымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылған болатын. Осы жұмысты жергілікті жерде іске асыру мақсатында БҚО әкімдігінің қаулысымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссия құрылып, құрамы бекітілді. Комиссия шеңберінде 7 жұмыс тобы түрлі бағыттар бойынша жұмыстанып, әртүрлі архив қорларында тың деректерге қол жеткізіп келеді. Аудан көлемінде де солақай саясаттың салдарынан өмірлері тозаққа айналған жандардың есімін анықтап, оларды ақтау жұмыстары тиісті деңгейде басталған болатын.

43

Жуырда Шыңғырлау ауданы орталығында «жаңа» жұмыстың бағытын айқындау, әдістемелік қолдау білдіру, жұмыс тобына жұмыс алгоритмін белгілеу, жалпы тәжірибе алмасу мақсатында облыстық комиссия мүшелерімен бірге семинар оздырылды. Шара басында аудан әкімінің орынбасары А.Бисембаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау комиссиясының бүгінгі жұмысына қысқаша тоқтала отырып, Орал қаласынан келген комиссия мүшелерімен таныстырды.

Өңірдегі халық көтерілістеріне қатысқаны немесе қолдағаны үшін саяси құғын-сүргінге ұшырағандарды зерттеу бойынша жұмыс тобының жетекшісі, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің «Рухани жаңғыру» орталығының аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Е.Хайдаров, дәстүрлі дін өкілдері-саяси құғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін зерттеу, ұсыныстар дайындау жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі, «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі, өлкетанушы Қ.Құттымұратұлы, Алаш партиясы, Алашорда үкіметі идеясы үшін мемлекеттік құдалауға және құғын-сүргінге ұшыраған адмдарды анықтау бойынша жұмыс тобының жетекшісі, Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің «Қазақстан Республикасының тарихы» кафедрасының меңгерушісі, доцент, тарих ғылымдарының кандидаты А.Байболсынова,  1939-1945 жж. фашистік Германия, Финляндия және басқа да Еуропа елдерінде қамауға алынған әскери тұтқындарды ақтау бойынша ұсыныстар дайындау жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі, Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі бөлімінің Мәншүк Маметова музей-үйінің меңгерушісі, өлкетанушы А.Батырханов және  Қазақстанға күштеп көшірілгендерді анықтау, 1920-1940 жж. аралығында мемлекеттің жазалаушы әрекеттерінен Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған босқындарды ақтау бойынша ұсыныстар енгізу жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі, «Ғылыми зерттеулерді қолдау қоры» жеке қорының директоры, тарих ғылымының магистрі, өлкетанушы А.Құрымбаев ғасырлық тарихы бар құжаттармен жұмыстану жолдарын түсіндірді. Семинарда ауданымызға қатысты тұлғалардың тізімін көрсетіп, тың деректерімен бөлісіп, сонымен қатар құпия құжаттармен жұмыстануда кездесетін қиындықтарға да тоқталды. Құпия құжаттардан Отанын сатқан тұлғаларды қамауға, не болмаса сот үкімін жүзеге асыруға арналған Алжир лагерінің филиалы Орал қаласында да болғандығы, 1938 жылы 9 ақпанда ұсталған 6 шыңғырлаулықтың араға бес күн салмай сот үкіміне байланысты ату жазасына кесілуі секілді ақпараттардың беті ашылды.

Қызықты да мәнді өткен семинарға аудандық қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссия мүшелерінен бөлек тарих пәнінің мұғалімдері, ауыл ақсақалдары да мол мағлұмат алып, кеш соңында өз ойларымен бөлісті.

Аман Ізмұхан,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале