23.08.2024, 14:30
Оқылды: 95

Бүгін Ақұштап Бақтыгереева 80 жасқа толды

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары қазақ әдебиетіне екі ақын қыз келді. Бірі өршіл Фариза Оңғарсынова болса, енді бірі нәзік те сыршыл Ақұштап Бақтыгереева еді. Міне, дәл бүгін қазіргі Теректі ауданы Ақжайық ауылында өмірге келген Ақұштап Бақтыгерейқызы сексеннің сеңгіріне шығып отыр.

7552012E-18BA-4CE7-9D7C-A2355E816D28

Сурет сайт архивінен

Бесік тербете жүріп, бар мұңын да, сырын да, шынын да ақ параққа төкті. Бір шаңырақтың ұйытқысы болса да, қоғамдағы өзекті мәселелерді де айналып өтпеді.

Ол:

Азайған да кез болды менен наз ән,

Кеткенін де білмеймін неден мазам.

Жылап, күлем...

Кей кезде құлап, тұрам,

Бесік тербеп отырып, Өлең жазам!.. - дейді.

Бұл өлең жолдары қазақ поэзиясының ақ шағаласы атанған ақынның үні. Одан өзге Ақұштап Бақтыгереева қазақ қыздарының ертеңіне алаңдайды. Бұл тақырыпты өз жырларына арқау етіп келеді. Бүгінгі таңда Алматы қаласына қоныс аударса да, Орал десе, жүрегі елжірейді.

Жайықтың самалына жүзін тосып, небір туындыларды өмірге әкелген оған туған жері қашанда ыстық. Ақынның 80 жас мерейтойы қарсаңында теректіліктер тағылымды іс-шаралар өткізеді. Ал әзірге өзінің жоспарында ауданға келу жоқ екен. Оны Ақұштап апамен сөйлесу барысында аңғардық.

– Қазір табиғи апаттан кейін ел бірлігі сыналар кезең. Оралда қызу жұмыс жүріп жатыр. Шаруаның оң шешіліп, тұрғындар баспаналарына кіруіне шын жүректен тілектеспін. Оны Мемлекет басшысы да назарға алып отыр ғой. Осыны көре тұра туған күнімді дүркіретіп атап өте алмаймын. Ел есін жинап алсын. Содан кейін көре жатармыз, - деді өз сөзінде.

Ақынның жақында жарық көрген «Менің Фаризам» атты эсселер жинағы сүбелі туынды, тың дүние. Шығармашылығында сүйіншілейтін тағы бір жаңалығы бар екен.

– Кешегі 86-дағы жағдайда сөйлеген, «Мен қазақпын» деп жырлаған, бізді өсірген ұлтты сүюге тәрбиелеп, өзінің жырымен Жұбан Модағалиев ағама арналған жырларым бар еді. Соны жиынтықтап, драма жазып, Оралдағы Хадиша Бөкеева атындағы театрда қойып, менің 80 жасыма ұсынғалы отыр, - деді 24.kz арнасына берген сұхбатында.

Ақтілек Әлібекұлы

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале