17.04.2024, 12:15
Оқылды: 65

Ақылбек Елекешев: "Міндет – жедел, дұрыс және сауатты әрекет ету"

Ақжайық аудандық полициясы 2024 жылдың бірінші тоқсанын қорытындылады. Құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде үш ай бойы атқарылған жұмыстың нәтижесі қандай? Бұл туралы Ақжайық аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ақылбек Елекешев тілшімізбен сұхбатында айтып берді.

InShot_20240416_185032044

Полиция подполковнигінің айтуынша, салада оң өзгерістер басымдыққа ие. Осылайша, алдын алу жұмыстарының нәтижесінде бұзақылық, бөтеннің мүлкін ұрлау, оның ішінде мал ұрлығының деректер айтарлықтай азайды. Мысалы, өткен жылдың тиісті кезеңінде бөтеннің мүлкін ұрлау бойынша 6 дерек тіркелсе, осы жылдың басынан бері осындай 3 жағдай орын алыпты.

– Мал ұрлығы деректерінің тіркелуі де азайды, өткен жылдың үш айында 17 оқиға, осы жылдың басынан бері 6 ұрлық тіркелді. Сондай-ақ адамдар тобымен жасалған қылмыстар деңгейінің төмендегені байқалады, кәмелетке толмағандардың қатысуымен қылмыстық құқықбұзушылықтарға жол берілмеді.

Полиция қызметінің негізгі көрсеткіші қылмыстың ашылуымен өлшенеді. Осы жылдың үш айында аудан бойынша 32 қылмыстық құқықбұзушылық тіркеліп, оның 40-ы бойынша іс жабылып, қылмыс ашылды және 29 іс сотқа жіберілді. Жалпы алғанда, барлық қылмыстардың ашылуы 91,6 пайызды құрады, соның ішінде ауыр, аса ауыр деп танылған қылмыстар бойынша бұл көрсеткіш 94,7 пайыз (өткен жылы – 89 пайыз). Сәйкесінше, бұл өткен жылдың І тоқсанымен салыстырғанда, айтарлықтай жоғары.

Жылдың өткен уақытында полиция қызметкерлері екі ұрлықты ізін суытпай ашты. Бірінде Ақжайық ауданында ірі көлемде ақша ұрланса, екіншісінде қылмыскерлер ауладан 4 қойды қолды қылыпты. Бірінші жағдайда күдіктілер ұсталды, тергеу жүргізілуде, екіншісінде іс сотқа жолданды.

Полиция бөлімінің басшысы өз міндеттеріне адал және ұжымда да, халық арасында да беделге ие қызметкерлердің қызметін мақтанышпен атап өтті. Бұл тергеушілер: полиция капитаны Эльдар Жігербаев, аға лейтенанттар Сұлушаш Қадырғалиева, Мағжан Орынғали. Мысалы, Э.Жігербаев жыл басынан бері 9 қылмыстық істі аяқтап, сотқа жіберсе, С. Қадырғалиева 10 істі жолдаға, оның алтауы ауыр деп танылды. М.Орынғали 13 қылмысты ашқан, оның 10-ы мал ұрлығымен байланысты.

Учаскелік полиция инспекторларының көпшілігінің жұмысына тұрғындар дән риза. Олардың ішінде учаскелік полиция инспекторының міндетін атқарушы Еркін Шығанбаев Бейбіт Имашев, Аман Әлмұхановтың есімін ерекше атап өтуге болады. Олардың әрқайсысы І тоқсанда әртүрлі құқықбұзушылықтар бойынша 40-тан 48-ге дейін әкімшілік хаттама толтырды. Ал полиция капитаны А. Әлмұханов 2 қылмысты қатарынан ізін суытпай жедел ашты. Үздік қызметкерлердің қатарында мемлекеттік автоинспектор Артур Құспанов та бар, ол жол қозғалысы ережелерін бұзған азаматтарға 51 хаттама толтырып, тәртіптің қатаң сақталуын назардан бек шығармады.

Ақылбек Елекешевтің пікірінше, жетістіктер жетерлік, бірақ әлі мақсат-міндет одан да зор. Адам өлімі орын алған жол-көлік оқиғаларының саны азаймай тұрғаны профилактикалық және жол қозғалысы тәртібін әлі де қатаң бақылау керектігіне меңзейді ( өткен жылы 2, биыл да солай). Мұндай жағдай соңғы жылдары белең алған интернет-алаяқтыққа да қатысты. Қанша түсіндіріп, алаяқтардың әдіс-тәсілдері газет бетінде үздіксіз жарияланғанымен, арам ойлылардың құрған қақпанына түскендердің саны азаймай тұр. Осы жылдың басынан бері осындай 2 жағдай тіркелді.

Қараусыз жүрген мал да – сан жыл бойы шешімін таппай келе жатқан мәселе. Бүгінгі таңда қарауындағы малын бағымсыз жіберген 41 мал иесіне полицейлер 182 754 теңге айыппұл салды. Сонымен қатар, ветеринария саласына қатысты 9 заңбұзушылық анықталды. Осы мәселе бойынша іс белгіленген талаптарды бұзған мал иелеріне қатысты шаралар қабылдау үшін тиісті органға жіберілді.

Мұның бәрі, өз кезегінде, тәртіпті сақшыларының қызметін нақты учаскелерде жандандыру қажет екенін көрсетеді. Басты міндет – жеделдік, әділдік, тәртіпті қатаң бақылау және адамдарға жақын болу. Айтпақшы, қазір төтенше режим жағдайында су тасқыны салдарынан туындаған қиындықты жою, тасқынның екінші толқынының алдын алу үшін тәртіп сақшылары жұртшылықпен бірлесе әрекет етуде.

Жазып алған Борис Мырзағалиев,

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале