23.01.2024, 14:45
Оқылды: 33

Ақын көп, Жұбан – алып, асқақ дара

Ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Жұбан Молдағалиевке Халық Қаһарманы атағын беру туралы ұсыныс ауданымыздан, атырабымыздан тиісті орындарға жолданып жүргеніне әлденеше жылдың жүзі болды. Алайда аяқсыз қалып келеді. Әрине, жұрт үмітін үзбейді. Жуырда Оралдағы Ақжайық ауданы ардагерлері бастауыш ұйымының жиналысына осы мәселенің күн тәртібіне шығарылғаны да сондықтан. Ұйым төрағасы Жанат Сағынаев жүргізген шарада шаһардағы басқа да аудандардың осындай ұйымдарынан, түрлі мекемелерден өкілдер болды.

2acd9685-245b-475f-a0e4-513dfc67c092

Фото: mediastar.kz

Ж. Молдағалиев ХХ ғасырда ұлтымыздың тағдыры, намысы сынға түскен кездерде халықтың жоғын жоқтап, басын қатерге тіккен тұлғалардың бірі ғана емес, бірегейі болып табылады. Ұлы Отан соғысында дұшпанға қарсы қаруы мен қаламын қатар сілтеді. Бейбіт кездегі қайратты, қуатты, асқақ лирикалық толғауларымен жұртының рухын көтеріп, тегеурінді шығармашылығымен есімі алысқа естілді. Кеңес билеген дәуірде «Мен – қазақпын!» деп ашық та батыл пафоспен жырлады. Өміріне қауіп екенін біле тұра, сөйтті. Ұлтының тарихнамасын жандандырып, өшпестей таңбалауға кесек-кесек үлесін қосты. Пәрменді поэзиясында ұлттық құндылықтар басты орында тұрды. Жиналыста белгілі жұбантанушы Үзілдік Елеубайқызы бұл жайында түйіндеп айта келіп, алып ақынның қайраткерлігі мен Желтоқсан-86 көтерілісінің, азаттығымыздың іштей байланысын баяндады. Жастардың әділет іздеп, ақ адал сенімін аяққа таптаған Кеңес билігінің көрсоқырлығын қазақ атынан тұңғыш әшкереледі. Осындай ерлік әманда лайықты бағалануға тиіс.

Қала ардагерлері кеңесінің төрағасы Мынатаубиік Әнесов:

«Бұл көтеріліп отырған мәселенің орны бөлек. Мен де, сондай-ақ өзім төрағасы болып табылатын «Ауыл» партиясы облыстық филиалындағы партияластарым да Жұбан Молдағалиевті Халық Қаһарманы атағына ұсынуды бір кісідей қолдаймыз», – деді. Ақын Сағынтай Бисенғалиев:

«Осы жолы істі індете түсіп, көп қол жиналарына сенемін. Мені бір алаңдататыны – Жұбан ерімізді, оның ерлігін, қайраткерлігін білмейтіндер елімізде жетіп жатыр. Оны бүкіл Алаш білуі керек», – деп, Ұлы даламыздың даңқты перзентінің қаһармандығы жайында ойын кеңінен ортаға салды.

 Тиісті орындарға жеткізілетін ұсынысты қолдап, еңбек ардагерлері Ғазез Хаймолдин, Әленғали Кереев және басқалар сөйледі. Осыдан соң ұйым төрағасының 2022-2023 жылдары атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды. Оның барысында қалалық ардагерлер кеңесімен бірлескен істердің нәтижесі, еңбек ұжымдарымен, жастармен, мектеп оқушыларымен кездесулерді жүйелі жолға қою жөнінде бағыттар, жас ұрпаққа еңбек, әскери-патриотттық тәрбиелеуге атсалысу, ауданымыз ауылдарымен байланысты нығайту туралы баяндалды.

Болат Есқалиев,

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале