9.02.2023, 10:30
Оқылды: 77

Ақын мектебіндегі егіздер

Сырым ауданының Жымпиты ауылы орталығындағы ұзын көше бойында үстеріндегі киімдерін айтпағанда, иықтарына асынып алған сөмкелеріне дейін бірдей үлгідегі қос құрбыны жиі көретін болдық. 

АҚЫН МЕКТЕБІНДЕГІ ЕГІЗДЕР (2)

Жуырда С.Датов атындағы орталық көше бойынан келбеттері өте ұқсас, киімдері бірдей үлгідегі қос құрбыны тағы кезіктірдік.

Аудандық газеттің редакциясында 40 жылдай еңбек өтілі бар, көненің көзі Темірболат Құспанов  та,  «Нива» көлігінің тізгінін тартып: - Әне, егіз қыздарды көрдің бе? Бірінен - бірі аумайды, пәлі сөмкелеріне дейін бірдей, - деп журналистік қызығушылығымызға дем бергені.

Журналистік әуестікпен көше бойында қолтықтаса өз бағыттарына бет алған қос құрбыны сәл бөгеп, қызметімізді таныстыра, өздерінің келісімдерімен аты-жөндерін біліп, суретке де түсіріп алдық.

Сонымен,  өзіміз танысқан егіздер жалпы білім беретін Қадыр Мырзалиев атындағы орта мектептің 9 «б» сыныбында оқитын Алтынай мен Аймакен Нұрмұханбетовалар болды.

Мектеп әкімшілігі, ата-анасымен пікірлесіп, егіз қыздар жөнінде көңілге қонымды жәйттерге де қанықтық.

Негізінен Алтынай мен Аймакеннің отбасындағы отағасы Қайыржан мен отанасы Жұмажанның тұңғыштары Балжан Алматыдағы Абай атындағы ұлттық педагогикалық университеттің ІІІ курс студенті болса, Қожаберген Алматы техникалық университетінің І курсында, ал Қыдырберген ақын атындағы орта мектептің І сыныбында білім алуда.

- Отбасымыз ертеректе ауданға қарасты Көздіғара ауылында қоныстанып, атам мен әжем мал шаруашылығымен айналысты.  Қос егіз қызымыз 2007 жылы осы өңірде дүниеге келіп, есімдерін атасы мен әжесі қойған еді. Шүкір, ұрпақтарымыз тәртіпті, білімге құштар болып ер жетуде. Алтынай мен Аймакеннің мінездері тұйықтау болса да білімге зерек, келешекте ұстаздық мамандықты таңдағалы отыр, - дейді анасы Жұмажан Амангелдіқызы.

Ақын атындағы мектепте білім алатын егіздер Алтынай мен Аймакен жөнінде сынып жетекшісі Жансая Есенғалиева ағынан жарыла қызықты әңгімесімен бөлісті.

- Өзім тіпті оларды бірінен-бірін ажырата алмай, есімдерін шатастырып алатын кездерім жиі болады. Оған оқушыларым әсте ренжіп көрген емес. Алтынай мен Аймакен білімге өте құштар, зерек, белсенді. Қобыз тартып, би үйірмесіне қатысады. Сабаққа кешігіп келген емес, екеуі де спорттық жарыстарға, пәндік байқауларға үнемі қатысуда. Өзім химия пәнінің маманы болған соң олардың осы пәнге деген қызығушылықтарын байқап, риза боламын. Тағы бір қызықтырып, таң қалдыратын жағдай егіз қыздардың өзге киімдерін айтпағанда спорттық киімдері, сөмкелеріне дейін бір үлгіде, ұқсастықта болулары  еді, - дейді сынып жетекшісі Жансая Серікқызы.

Мүсірбек Айташев, 

Суретте: Алтынай мен Аймакен Нұрмұханбетовалар

Сырым ауданы

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале