11.12.2025, 10:00
Оқылды: 16

«Ақжайық арландарының» жарқын жеңісі

Бабалардан қалған қай-қай сөзде де даналық тұнып тұр ғой. Солардың бірі, һәм құндысы – «Жаны жақсы ағаның, етегін баспа, жолын қу. Боламын деген баланың бетінен қақпа, белін бу». Осы тұста алып ауданымызда өрендеріміздің дарынын шыңдап, олардың жетістікке жетуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда игі дәстүр қалыптасқан. Бір баламыз спортта чемпион атанып, мерейімізді тасытса, шеберлігімен, өнерімен әлем-елге танылған ұл-қыздарымыз барына марқаямыз. Жуырда талантты өрімдеріміз тағы бір белесті бағындырып, Астана төрінде Ақжайығымыздың атағын шығарды.

54

Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған республикалық  «Жас Сарбаз» 2025 әскери-патриоттық әндер және шығармашылық фестивалінде аудандық балалар музыка мектебінің «Ақжайық арландары» вокалдық-аспаптық ансамблі I-орын иеленді.

Аталмыш топтың құрылғанын көп бола қойған жоқ, небары 2 жыл. Байқауда өнер көрсетіп, жеңіске жеткен ансамбльдің ересек құрамы – 14-15 жасар өрендер. Айта кетейік, вокал класының жетекшілері Ермек Сарқұлов пен Руслан Қабаш жетекшілік ететін 9-10 жастағы ұл-қыздардан тұратын ансамбльдің кіші құрамы да бар.

Жеңімпаздарымызды таныстыра кетейік. Ансамбльдің солисі – Дінмұхамед Жамақов. Бас-гитарада ойнайтын Жанер Жолдас, гитарада Тана Сарқұлова, клавишада Мәрлен Құрамыс. Ал Армат Таңжарықов барабанның құлағында ойнайды. Ал Асылхан Дәулетұлы электр домбырамен өнер көрсетуі  ансамбль орындайтын ән-әуенді  ұлттық нақышпен әрлейтіні шүбәсіз. Олар бұл байқауда «Батырлар ұраны» әнімен (сөзі Ж.Есенхан, Б.Әлқожа, музыкасы Ж.Дәулет) қазылар алқасының ең жоғары бағасын алды.

– «Ақжайық арландары» бұл байқауға облыстық іріктеу кезеңінде жеңіске жетіп, жолдама алған болатын. Шынын айтсам, өзім тәрбиелеп жүрген ұл-қыздардың бұл тұсаукесері. Осыған дейін аудан сахнасында тек бір мәрте ғана өнер көрсеткен еді. Тынымсыз дайындалдық бұл байқауға. Балалардың жауапкершілігін, жеңіске ұмтылысын айтам – сабақтан тыс уақытта да келіп, репетициядан бір қалған жоқ. Еңбегінің нәтижесі бұл. Астанадағы жеңіс бұл өрендерді де, ансамбльдің кіші тобын да жаңа жетістіктерге ынталандырады деп ойлаймын. Ансамбль мүшелері бұл байқауда өздерімен тілегі бір, талғамы бір, талабы таудай балалармен танысып, достасты. Енді олардың Қазақстанның әр түкпірінде жаңа достары бар. Ал біз болсақ, әріптестерімізбен тәжірибе алмастық. Жеңісті күндеріміз көп болсын! – дейді ансамбль жетекшісі Ермек Оразайұлы

Әлия Шарапиева,

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале