1.09.2026, 16:00
Оқылды: 8

Ақжайық аудандық «Самға» оқу орталығы жаңа оқу жылына 75 баланы қабылдады

Ақжайық ауданында мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру жүйесін дамытуға бағытталған тағы бір игі іс жүзеге асты.

IMG_5263 (1)

Былтыр Чапаев ауылында алғаш рет мектепалды даярлыққа бейімделген жеке білім беру нысаны «Самға» балалар оқу орталығы ашылған еді. Бірінші лекте 30 бала қабылданды. Биыл оның жұмысына жаңа тыныс бітіп, орталық 75 орынға шақталып, Білім күнінде балаларға есігін қайта ашты.

IMG_5265 (1)

Жеке орталықтың жұмысына мұрындық болып, ауданға танымал кәсіпкер Әлия Шоқанова инвестиция салды. Білім саласында кәсіп иесінің бұл бірінші бастамасы емес, осыған дейін мемлекеттік-жеке меншік әріптестік негізінде ол аудан орталығынан «Астана» балабақшасын ашты.

IMG_5313 (1)

– Былтыр толық топ жинап, жыл бойы бүлдіршіндерді білікті ұстаздар мектепке дайындады. Нәтижесі ойымыздағыдан да жақсы болып шыққанына ана ретінде қуаныштымын. Барлық түлегіміз мектеп-гимназияның қабылдау емтиханынан сүрінбей өтіп, 1 сыныбына қабылданды. Біріншіден, біздің орталыққа сеніп, балаларының болашағын ойлап, оқытқан ата-аналарға рахмет. Үміттерін ақтадық деп ойлаймыз. Орталықтың ұжымы, мамандарына да балаларға шексіз сүйіспеншілігі үшін, ұстаздық қызметке адалдық танытқаны үшін ризамын. Биыл баласын орталығымызда оқытуға ата-аналардан ұсыныс көп түсті. Сондықтан 75 орынға дейін кеңейтіп, материалдық-техникалық базаны күшейтіп, оқыту бағдарламасын одан сайын тереңдете түстік. Осы мақсатқа 65 млн. теңге жұмсалды. Ғимаратты сатып алдық, оны толық стандартқа сай жабдықтадық, оқу құралдарымен балалар толық қамтылды, – дейді кәсіпкер.

IMG_5280 (1)

Орталықтағы жаңа оқу жылына арналған салтанатты кештің  ата-аналар, ұстаздар қауымы үшін де, ең бастысы, кішкентай бүлдіршіндер үшін ерекше қуанышты сәт болғаны сөзсіз. Осындай шаттыққа толы сәтте тәрбиеленушілерді, ата-аналарды  орталық директоры Альбина Кенжетаева құттықтады.

IMG_5319

– Құрметті қонақтар, қадірлі ата-аналар мен ұстаздар, сүйікті бүлдіршіндер! Бүгін біз бала болашағы үшін қолға алынған істің берекелі аяқталғанына куә болып тұрмыз. Орталығымызда білім алған балдырғандарымыз болашақта еліміздің лайықты азаматы болады деп сенемін. Ата-аналарға ұрпақ қуанышын, шаңырақ берекесін, шәкірттерге білім жолында сәттілік тілеймін, – деді ол.

Іс-шара барысында бүлдіршіндер тақпақтарын айтып, әндер орындап, қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

IMG_5355 (1)

Кеңейтілген орталықтың ерекшелігі – мұнда балалардың шығармашылық қабілеттерін, ой-өрісін және әлеуметтік дағдыларын дамытуға толық жағдай жасалған. Жаңа білім ордасында қазақ және орыс тілінде  бірнеше топ жұмыс істейді. Ұл-қыздар ағылшын тілінде сабақ алып, домбыра, би, шахмат үйірмелеріне қатысады. Көркем жазу, математика, оқуда сауатын ашады. Яғни оқу жылының соңында мектепке сақадай сай дайын оқушы болып аяқтайды орталықты. Ұжымда 10 адам жұмыс істесе, оның алтауы – педагог. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау камералары орнатылған. Орталық аптасына бес күн, таңғы сағат сегізден кешкі алтыға дейін жұмыс істейді. Ата-аналарға ыңғайлысы – әр баланы таңда үйінен алып кететін көлік те қамдалған. Балалар осы орталықта тамақтанады.

IMG_5346

Бүлдіршіндерге жайлы әрі заманауи орта ұсынып отырған жаңа оқу орны – ауданымыздың білім саласындағы тағы бір маңызды жетістік. Өйткені білімді де тәрбиелі ұрпақ – еліміздің ең басты байлығы.

Әлия Шарапиева

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале