Ақжайық ауданында мұғалімдердің тамыз кеңесі өтті. Бала жаны бағбандарының бұл басты жиналысы алдында аудан әкімі Әділ Жоламанов, қалыптасқан дәстүрге сай, биыл ауданның 12 мектебінде еңбек жолын бастайтын 15 жас маманды қабылдады.
Олардың арасында ағылшын тілі, физика, география, биология пәндері мұғалімдері, кітапханашы бар. Ұстаздар қатарын толықтырып отырған бұл қыз-жігіттерге аудан әкімі құтты қадам тілей отырып, келешектің бесігі – мектеп жас ұрпаққа қандай тәрбие, білім берсе, еліміз сол деңгейде болатынын еске салды.
Аудан басшысы жас мамандарға естелік сыйлықтар тапсырды.
Бекем БЕКҰЛЫ
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz