Бүгін Қазақстан халқы жаңа Конституция бойынша маңызды шешім қабылдайды. Бүкіл еліміздегідей, Ақжайық ауданында да референдум учаскелері таңғы сағат 7-де ашылып, дауыс берушілер өз таңдауын жасауға мүмкіндік алды.

Көпшілікпен бірге Ақжайық аграрлық-техникалық колледжінде орналасқан №26 референдум учаскесіне аудан әкімі Мұрат Сердалин да арнайы тіркеу рәсімінен өтіп, өз таңдауын жасады.

Айта кету керек, барлық сайлау учаскелерінде келушілердің дауыс беруіне толық жағдай жасалған. Дауыс берушілерге мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін әсем әуен ойнатылып тұр. Референдум комиссиясының мүшелері осында алғашқы болып дауыс бергендерге естелік сыйлықтар тарту етті.

Алғашқылардың қатарында ел болашағына қатысты шешімді жасауға келгендердің қатарында Айбек Мазимов та бар. Ол дауыс беруге зайыбы Амангүл Көбжасаровамен бірге келіпті.
– Мемлекетіміздің ертеңін бүгін ел тұрғындары айқындап жатыр. Бұл референдумды жалпыұлттық диалогтың сенімді көрінісі болды деп айта аламын. Сондықтан еліміздің әр тұрғыны ауызбіршілік танытып, бір кісідей учаске басынан табылып, таңдау жасайды деп есептеймін, – дейді ол.

Бірінші болып таңдауын жасаған А. Мазимовқа учаскелік референдум комиссиясының атынан шағын сыйлық табысталды.
Ақжайық ауданы бойынша ел ертеңі үшін маңызы зор референдумда дауыс беретін 21074 адам тіркелген. Саяси науқанда барлығы 45 референдум учаскесі жұмыс істеуде.
Нұрбек Ихсан
Ақжайық ауданы