11.01.2024, 23:00
Оқылды: 68

Ақжайық ауданында 50 отбасы баспаналы болды

Ақжайық ауданының орталығы Чапаев ауылында бүгін 50 отбасы баспаналы болды. Алдымен екі 24 пәтерлік тұрғын үйдің кілттері табысталып, салтанатты шараға аудан әкімі Мұрат Сердалин қатысып, баспаналы болған тұрғындарды жаңа қоныстарымен құттықтады.

IMG_7266

– Құрметті жерлестер! Бүгін – баршамыз үшін қуанышты күн! Өйткені 38 отбасы жаңа пәтердің кілтін қолына алды, жаңа баспанасына алғашқы қадамын жасайды. Тұрғын үй, коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес еліміздің барлық өңірінде осындай тұрғын үйлер бой көтеруде. Сонымен қатар ауыл-ауылдардан жеке үйлерді бюджет қаражатына сатып алып, елді мекендерге келген мамандарды, мұқтаж жандарды баспанамен қамтимыз. Бұл – мемлекет тарапынан үлкен қолдау. Қоныс тойларыңыз құтты болсын! Қуаныштарыңыз көбейе берсін, – деді аудан басшысы.

IMG_7327

Баспанаға қол жеткізгендер – көпбалалы, толық емес отбасылар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған жастар мен мүмкіндігі шектеулі жандар, зейнеткерлер. Олардың атынан көпбалалы ана Василия Бекмағамбетова қуанышымен бөлісіп, құт-берекенің еселенуін тіледі.

Құрылыс жұмыстарының құны – 597 млн. теңге. Құрылысты 2021 жылдың маусым айынан бастаған мердігер компания «Brat.M.M» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі баспананың сапалы салынуына аса көңіл бөлді.

Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Айбек Замеровтың айтуынша, пәтерлер тұрғындарға жалдамалы негізде берілді. Көлеміне қарай, 1 бөлмелі пәтерге 6600, 2 бөлмелі пәтерге 10500 теңгеден төленеді.

Осы күні жаңа пәтердің кілтін қолына алғандардың қуанышында шек жоқ. Айран-асыр қуанышты ахуалда дастархан жайып, су жаңа көршілер бір-бірін құттықтап жатыр. Әсіресе «өзімнің үйім» деп бөлмеден бөлмеге жүгірген балалардың шаттығы ерек. 5 баланың анасы Альфия Байденованың пәтеріне бас сұққан аудан әкімі Мұрат Амангелдіұлы топ ардагерлермен көпбалалы ана Альфия Байденованың пәтеріне кіріп, жайылған дастарханнан ауыз тиді.

Осы күні сонымен қатар аудан орталығынан бюджет қаражатына сатып алынған 12 тұрғын үйдің кілттері табысталды.

Айта кетелік, ауданда тұрғын үй кезегінде әртүрлі санаттан 692 адам тұр. Оларды баспанамен қамту мақсатында жұмыстар биыл да жалғасын табады.

Әлия Серікқызы,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале