«Әкем – алтын діңгегім» атымен өткен форумға еңбек ардагерлері, отағасылар, әкелер мектебінің мүшелері, мұғалімдер мен оқушылар қатысты.
Уақыт қазақ қоғамынан етек-жеңді жинақтап, серпілуді, сілкінуді талап етіп тұр. Демек, бүгінде біздің рухани танымымыз қандай? Кешегі кеңестік идеологияның үскірігінен, батысқа еліктеушіліктен тазару, құтылу үшін ұмтылысымыз қалай? Форумның алдымен Ақжайық агротехколледжіндегі «Асыл атадан жасық бала тумас болар» атты отырысында осындай сауалдар төңірегінде әңгіме қаузалып, жас ұрпақты өмірге ұзынсонар сөзбен емес, іспен дайындау жайында айтылды. Бала құлағымен емес, көзбен тәрбиеленеді. Яғни, естігенін емес, көргенін істейді. Отырыстағы осындай түйінді, салмақты сөз «Салт-дәстүрім – таусылмайтын қазынам» атты дәрісте одан әрі жалғасты.
Белгілі күй орындаушы, еңбек ардагері Аманғали Қайсағалиев бала кезінен серігі – қолөнер дүниелерінің жасалу жолдарын көрсете отырып, бұл жұтамайтын өнерді хал-қадірінше жастарға, перзенттеріне үйретуден көңіліне түйгендерін баяндады. Өнерге, еңбекке ынтамен, ықтияттылықпен баули білсек, баланың ішкі жан дүниесі ашылады. Оның толғамын біліп, пікірін сұрастырсаң, ол ашыла түседі, үй ішінде өзінің орны бар екенін сезінеді.
Бүкіл еңбек жолы мал шаруашылығында өткен чапаевтық Науқан Есенәлиев ұлдардың ер мінезді болып өсуі үшін атқа мініп, жылқы баптауға жақын болуының маңыздылығын мысалмен әңгімеледі. М.Әуезов атындағы мектептің мұғалімі Дина Бекмағамбетова өткізген «Бес асық» ұлттық ойынынан сұрақ-жауаппен өрілген шеберлік сағаты да қатысушылардың ойынан шықты.
Бұдан әрі шара әр сала өкілдерінің оқушыларға кәсіптік бағдар беруіне арналды. Мысалы, хирург Ғабит Оразов, аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Руслан Алмағамбетов өз қызметтерінің қыр-сыры, қиындықтардан шығу жолдары, мамандық таңдауда әке мен баланың кеңесуі ерекше маңызды екенін әңгімеледі.
Отбасындағы әке рөлін асқақтату керегі айтпаса да түсінікті. Өкінішке қарай, бүгінде кейбір ата-ана бала тәрбиесінде осалдыққа жол беруде. Мәдени-демалыс орталығында өткен үлкен отырыста осы жайында кеңінен әңгімеленді. Жиналғандар алдымен қолөнер көрмесімен танысты. Мысалы, сарытоғайлық Тасболат Бегәлиевтің қолынан шыққан бесік, сандық, балалар орындығы, қазақы үстел, нантақтайлар көздің жауын алып тұр. Соның ішінде ұялы телефон қоятын түрлі пішіндегі шағын тұғырлар да көз тартады. Ал есенсайлық Жанболат Бөкеев шеберлікке баласы Нұралы Аманшаны баулып жүр. Ол екеуі көп кездесе бермейтін стрингарт жанрын жандандырып келеді. Яғни, шеге мен жіп арқылы көптеген портрет бейнелейді. Мергендік Нұртай Қажығалиев пен баласы Ердәулет Сақтай ағаш қалдықтарынан жел диірменінің макетін жасаған.
Форум барысында шаруа Нәсіпқали Қайырқомов, ұстаз, медиатор Құрман Бисеғалиев сөз сөйлеп, ой-толғамдарымен бөлісті. Әкенің қадір-қасиетін сөз еткен олар ескіден тағылымды әңгімелер қозғап, ел тұтқасы ер адамдар қолында екенін сөз етті. ҚР Мәслихаттарының Құрметті депутаты Дәулетжан Жақсыбаев айтары бар еңбек ардагерлерінің басын қосып, «Ағалар ақылы» атты жоба бастауды ұсынды. Ақын Сағынтай Бисенғалиев әке туралы жаңа жырын оқыды. Жиналғандар алдында аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев сөз сөйледі.
–Бүгін ерекше маңызы бар шара өтуде. Ұрпақ тәрбиесінде қателік жібермеу үшін әкелеріміздің жауапкершілігі зор. Бүгінде мектеп қабырғасында әлімжеттік жасау, ақша бопсалау сияқты келеңсіздіктер орын алып отырғаны жасырын емес. Осындай келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында ата-аналар, соның ішінде әкелер ұл бала тәрбиесіне немқұрайлы қарамауға тиіс, -деді ол.
Сонымен қатар ол ұл-қыздары көптеген жетістікке жетіп жүрген әкелерді марапаттады. Күй тартудан республикалық, халықаралық байқауларда жүлдегер аталып жүрген М.Әуезов атындағы мектептің 8 сынып оқушысы Азат Қадырғалидың әкесі Оразбай Аймурзин, Республикалық ХІІ Ұлттық жастар Дельфийлік ойындарының фотосурет аталымы бойынша күміс жүлдегері Гауһар Бауыржанның әкесі Сәкен Әбілхайыров, 2019 жылы «Эрудит» облыстық турнирінің ІІ орын жүлдегері Ләззат Қайырованың әкесі Кенжебек Қайыров, «Жайық Пресс» ЖШС ұйымдастырған «Өрімтал» облыстық жас тілшілер фестивалінің жеңімпазы, Бітік мектебінің оқушысы Гүлайназ Сәрсенғазиеваның әкесі Марат Сәрсенғазиев, 2018 жылы Қытайда өткен VІ Азия ойындарында спорттық бағдарлаудан күміс жүлдегер атанған Мұстафа Махамбетұлының әкесі Махамбет Төреғалиев алғысхат алды.
Бекболат Қаленов,
Ақжайық ауданы
© zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram -дағы парашамыздан және Telegram каналымыздан алғашқы болып біліңіздер