Қурайлысай ауылдық округі Сайқұдық ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді. Тұрғындардың қуанышына ортақтасуға аудан әкімі Мұрат Сердалин, аудандық мәслихат төрағасы Сәлімгерей Сиражев, еңбек ардагері, ақын Үзілдік Елеубайқызы арнайы барды. Бұл – өткен жылы ауданда құрылысы басталған 8 медициналық нысанның төртіншісі.

– Бүгін тек Сайқұдық үшін ғана емес, бүкіл аудан үшін зор қуаныш. Тұрғындарымызға сапалы медициалық қызметтің қолжетімді болуы әлеуметтік ахуалды жақсартуға әсер етеді. Мемлекет тарапынан соған орай түрлі бағдарламалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі – «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы. Осы жоба аясында өткен жылы бірнеше медициналық нысанның құрылысы басталған еді. Бастаған ісіміз сәтті аяқталып, бүгін соның төртіншісін ауылдастар игілігіне табыстап отырмыз. Жақсы істер жалғасын таба берсін, – деді аудан басшысы.
Осыдан кейін сөз алған ақын Үзілдік Елеубайқызы ауылға жасалып жатқан осындай қолдау тұрғындардың үлкен қалаға үдере көшу мәселесін шешуге ықпал ететінін айтты. Оның су жаңа нысанға сыйы – Ү.Елеубайқызы осы ауылда әр жылдары еңбек еткен медицина мамандарының фотосуреттерін естелік тақтасына орнатты.
Фельдшерлік-акушерлук пункттің құрылысын «Жиенбай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Бір қабатты ғимаратта қабылдау, физиотерапия бөлмелері, дәріхана, акушерлік қабылдау бөлмесі бар. Нысан заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталған. Бір фельдшер қызмет көрсетеді.

Ауыл тұрғындары атынан сөз алған Болат Бақтығалиұлы құрылысты жүргізген азаматтарға, ізгі іске мұрындық болғандарға алғысын арнады.
Жаңа ғимараттың лентасын Үзілдік Елеубайқызы мен ауыл ақсақалы Мүтиғолла Бабағұмаров қиды.
Жиналғандар жаңа медицина ғимаратының ішін аралап көрді.
Азамат Қанапия,
Ақжайық ауданы