13.03.2025, 16:00
Оқылды: 496

Ақжайық ауданында тасқынның алдын алу жұмыстары қарқын алды

Көктемгі су тасқынынан қауіп-қатер төнуі әбден ықтимал өңір, аймақтар жайында елімізде күн ілгері айтыла бастағаны мәлім. Жайықтың тура қос қапталын тең иемденген ауданымыз үшін де қарбалас сөзсіз болатынын айтып жату артық. Маусымдағы ауа райының ерекшеліктеріне байланысты тіпті қауіпсіз деген тұстарды су басуы мүмкін.

2 (1)

Өткен жылғы қарғын еліміздің әлденеше өңіріне, оның ішінде ауданымыз аумағына қаншалықты қауырт шақ әкелгені өздеріңізге белгілі. Ауызбіршілік, ынтымақ, түсіністіктің арқасында төтенше жағдайда мал-жанның амандығын қамтамасыз еттік, қатер төнген ауылдарды дүлей судан сақтап қалдық. Тиісті мекемелер ұжымдары аяқтан тік тұрып, дамылсыз жұмыс жасады. Тұрғындар, барлық еңбек ұжымдары да республикадан көмекке жеткендермен бірге тасқынды еңсеруде ұйымшылдық танытты. Бұл ешқашан ұмытылмайды.

Биыл да қызыл суға тосқауыл қою мақсатында қажет қам-қарекет басталып кетті. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінен алған деректерге сүйенсек, бұл мақсаттағы іс-шараларға 251 адам, 45 бірлік техника, 53 мотопомпа жұмылдырылған. Бүгінгі күнге су басу қаупі бар Тайпақ, Чапаев, Алғабас, Жамбыл, Қурайлысай ауылдық округтеріндегі елді мекендерден 4 365 текше метр қар шығарылып, 8 848 текше метр су сорылған. Алдын ала қам-қарекеттің бірқатарын тағы атап өтсек, Қурайлысай ауылдық округінде ұзындығы 1,5 шақырымға созылатын бөгет биіктетіліп, Сайқұдыққа баратын автожолда су өткізетін 7 құбыр орнатылды. Сонымен қатар Алғабас ауылында Киров каналының 5 шақырым жиегі, ауылдың шетінде 1,5 шақырым бөгет нығайтылып, Үштөбе ауылының тұсында ұзындығы 2 шақырым, биіктігі 1,5-2 метр дамба тұрғызылды. Ал Ақсуат ауылының тұсындағы бөгетті нығайту мақсатында облыстан арнайы техника бөлініп, қауіпті сейілту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Осы аптаның басында аудан орталығындағы көше бойларынан су сору, құм салынған қапшықтардан кедергі жасау, т.б. істер атқарылды.

Қазірдің өзінде аудан бойынша 175 тонна инертті материал дайындалып, 24 000 дана қапшық сайланды. Оған қосымша тағы 20 мың дана қап алынбақ.

Қадірлі ағайын, төтенше жағдайлар қызметтерінің, ауылдық округ әкімдерінің хабарларын, ескертпелерін қаперден шығармаған абзал. Балаларды сақтандырайық. Қарғын жайылып жатса, бірден тиісті қызметтерді құлақтандырыңыздар! Тасқынға бірлесіп тосқауыл қоямыз.

Әлия Шарапиева

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале