Демократиялық қоғамда бейресми тілде «үшінші сектор» деп аталатын үкіметтік емес ұйымдардың алар орны орасан болуы заңды. Мемлекетпен тең серіктестікте қызмет ететін осындай ұйымдар бүгініміздегі өзекті мәселелерді шешуге өзіндік үлестерін қосып келеді. Ақжайық ауданында ресми тіркелген 16 үкіметік емес ұйым, яғни қоғамдық бірлестіктер бар. Рухани тыныс-тірлігімізді түлету, ұлтаралық татулықты сақтау, гендерлік саясат, мемлекеттік жастар саясаты, діни тұрақтылықты қамтамасыз ету саласында қызметтерін көрсететін бірлестік жетекшілерімен өткен аптада аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова кездесті.
– Біздің мемлекетіміздің саясаты ашықтық пен жариялылық, халық үніне құлақ асуды бағдарға алған. Осы ретте азаматтық қоғамды дамытуға басым назар аударылуы заңды. Себебі кез келген осал тұсымызды сіздердің көмектеріңізбен түзеп алуға мүмкіндік бар. Ауданда 16 бірлестіктер бар дегенімізбен, олардың бәрі бірдей жұмыс істеп тұрған жоқ. Сондықтан саннан сапаға көшіп, сіздердің жұмыстарыңызды нәтижеге қарап бағалауға көшуіміз қажет. Бүгінде рухани бағыт, идеологиялық салада үкіметтік емес ұйымдардан қолдау күтер шаруалар шаш етектен. Ұрпақ сабақтастығы, әкелер мектебін қалыптастыру, діни алауыздықтың алдын алу, жас ұрпақты патриотизмге тәрбиелеуге араласып, қоғамды осы бағытта тәрбиелеуіміз керек. Сондықтан әр қоғамдық бірлестік өз жұмысына қарқын үстегені абзал, – деді З.Мәжитқызы.
Жиында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ербол Есеналиев қоғамдық бірлестіктердің жұмысы жөнінде қысқаша баяндап шықты. Айталық, «Радуга», «Шуақ», «Таным», «Ақиқат» қоғамдық бірлестіктері, БҚО мүгедектер қоғамының аудандық филиалының жұмыстары тек аудан ғана емес, облыс-республикаға танымал. Осындай бірлестіктердің жұмысын жүйелендіру мақсатында аудандық ішкі саясат бөлімі әдістемелік қолдау көрсетіп, мемлекеттік органдармен іс-қимылды жетілдіру мақсатында дәрістер де өткізуде. Былтыр үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жалпы сомасы 10 млн. 870 мың теңге болатын 6 жобаны жүзеге асырса, биыл бұл көрсеткіш 12 млн 970 мың теңгені құрады. Өз кезегінде бірлестік жетекшілері бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалып, көзделген мақсаттағы көрсеткіштерге қол жеткізуді қамтамасыз еткен.
«Шуақ» ҚБ төрайымы Мәншүк Мәмбешева, «Ақиқат» ҚБ төрағасы Тоқтар Пендебаев, «Жайық мейірімі» ҚБ төрайымы Жанна Нұржанова, «Ақжайық тәуекелді сарбаздары» ҚБ төрағасы Асқар Абдолов, өзге де үкіметтік емес ұйым өкілдері сөз сөйледі.
Жиынды қорытындылаған Зәйлім Исатайқызы атқарылған жұмыстарға оң баға беріп, ортақ істе мүдделілік танытып жүрген қоғамдық бірлестіктердің жұмысына сәттілік тіледі. Алдағы жылы ауданда даңқты даталар: Ж.Молдағалиевтің 105, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған ауқымды шаралар жоспарлануда. Аудан әкімінің орынбасары ауқымды осы жұмыстарды ұйымдастыруда бірлестіктер де белсенділік танытады деген сенімін білдірді.
Әлия Серікқызы
Ақжайық ауданы