Бүгін Ақжайық аудандық ауруханасының терапия бөлімшесінде Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген азаматтар, «Еңбек ардагерлері» төсбелгісінің иегерлеріне арналған арнайы емдеу палатасы ашылды.
Осыған дейінгі аудан әкімі Мұрат Сердалинмен жүздесулерінде ардагерлер аудандық ауруханада өздеріне арналған бөлек палата қарастыру жөнінде ұсыныс тастаған болатын. Осы тілекке аудандық аурухана басшылығы құлақ түріп, палатаны арнайы бөлген.
Екі керуеттік палатада емделушілерге барлық жағдай жасалған. Жуынатын орын бар, ардагерлерге арнап теледидар қойылыпты, ауа баптағыш та тұр.
Аға буын өкілдеріне арналған палатаның ашылуына орай терапия бөлімшесіне аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова барып, жасалған жағдаймен танысты.
Аудандық аурухана бас директорының медициналық қызметті сапалық бақылау бөлімінің орынбасары Раушан Дәркенова бірге болып, терапия бөлімшесі мамандары сапалы медициналық көмекпен емделушілерді қамтамасыз ететінін айтты.
Азамат Қанапия
Ақжайық ауданы