9.11.2020, 17:43
Оқылды: 345

Ақжайық: ауылға ажар кірді

Расында да, ай санап емес, күн санап өзгерген аудан орталығы – Чапаевта соңғы кезде берекелі істер қолға алынуда. Жылдар бойы қордаланған қоқыстар арнайы полигонға шығарылып, көшелер жарықтандырылуда. Соларға толығырақ тоқталып өтсек.

2FB85810-5573-4E38-B5B0-8CCBD3172614

Ақжайық ауданы орталығындағы басты көшелердің бірі - Қонаев атындағы көшедегі көлік жолына - 55, жаяу жүргіншілер жолының бойына 26 жарық шамдары орнатылды. Бұл лампалар сағатына 100 Вт энергия қуатын жұмсағанымен, ол айналасына қарапайым осындай шамдарға қарағанда, бес есе артық жарық түсіреді. Сонымен қатар оларды уақытымен сөндіріп, қосудың қажеті жоқ: арнайы таймер арқылы басқарылатын шам уақытымен жұмыс істейді. «Қазір көше жарықтары кешкі сағат 18.30-дан түнгі 01.00-ге дейін және таңғы 06.30-дан 08.00-ге дейін қосулы. Мұндай «ақылды» лампаларды биыл біз Республика көшесіне де орнаттық. Атап айтар болса, бұл көшеде автокөлік жолдарын - 100, жаяу жүргінші жолдарын 500 шам жарықтандырып тұр», - дейді округ әкімі Нұртаза Нәбиденов.

Жергілікті бюджеттен қарастырылған 2 млн. 400 мың теңге қаржыға жұмыстанған мердігер компания – «Энерго РемСервис» ЖШС. Бүгінгі таңда жарықтандыру жұмыстары түгелдей дерлік аяқталып отыр. Осылай, орталықтың басты көшесі самаладай жарқырайтын болды.

Ауылдың ажарын қордаланған күл-қоқыс қашырады. Көптен күрмеуі шешілмеген осы іс жуырда қолға алынып, бірқатар көшелердің қалтарыстары қоқыстан тазартылды. Жергілікті «Нұр-Ғасыр» ЖШС жүзеге асырған шаруаның арқасында Қазақстан мен Республика, Қонаев пен Исаев атындағы, Исаев пен Сейфуллин атындағы көшелердің артқы жақтары қалдықтардың үйінділерінен арылды. Сонымен қатар серіктестіктің күшімен Панфилов көшесіндегі жатақхананың орны тазартылды. Осы жұмыстардың нәтижесінде арнайы полигонға 3000 тоннаға таяу күл-қоқыс шығарылған.

Округ әкімінің айтуынша, қоғамдық қызметтегі азаматтардың күшімен аудан орталығындағы бесқабатты үйдің айналасы қоршалуда. Жыл соңына дейін бұрынғы асфальт өнімдерін шығаратын зауыттың орнындағы үйінділерді шығарып, қызметтік пәтерлердің ауласын қоршау жоспарда.

Ә.Сағынтайұлы,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале