Теректі ауданына қарасты Ақжайық ауылында үш қабатты көппәтерлі тұрғын үйдің кілттері иелеріне табысталды. Ақжайықтық ағайынның қуанышымен бөлісуге БҚО әкімі Нариман Төреғалиев арнайы келді.
Айта кету керек, Ақжайықтағы пәтерлер тұрғын-үй коммуналдық дамудың «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған отбасыларға және әлеуметтік осал топтар өкілдеріне берілді.
Жүздері бал-бұл жайнап, қуаныштың әсерімен ауа райының құбылмалы мінезіне де қарамаған теректіліктерді өңір басшысы Нариман Төреғалиұлы құттықтады.
– Облысымызда кезекте тұрған жерлестерімізге пәтер кілтін табыстау – басты жұмыстарымыздың бірі. Осыған дейін әлеуметтік нысандарымызды қоспағанда, 700-ден астам тұрғынға жаңа баспаналар бой көтерді. Күні кеше су тасқыны салдарынан қиналып қалған ағайынға демеу болып, мыңға жуық тұрғынға пәтер кілтін ұсындық. Бұл жұмыстардың барлығы Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен жүзеге асуда. Ақжайықтағы үш қабатты көппәтерлі тұрғын үй құрылысы осыдан үш жыл бұрын басталған еді. Мердігер «Нұр Құрылыс Болашақ» ЖШС жауапсыздық танытып, соның зардабын сіз бен біз көрдік. Жауапсыз серіктестікті сотқа беріп, одан кейін іске «ИСКОМ» ЖШС кірісті. Осы компания басшысы Рафик Мамедов мырзаға барша теректіліктер атынан алғыс айтамын. Сапаға мән беріп, онымен қоса уақытпен санаспай бүгінгі таңда 24 отбасыға жаңа үйдің кілті табысталып отыр, - деді өз сөзінде БҚО әкімі Нариман Төреғалиев.
Жаңа пәтердің кілтін қолға алған ағайынның атынан Мадина Сатқанбаева сөз алып, өз қуанышын жасыра алмады.
– Шыны керек, бұл сәтті біз ұзақ күттік. Осы салтанатты шараға ата-анам, бауырларыммен бірге кеп тұрмыз. Мемлекеттік бағдарламалар халық игілігі үшін жұмыс жасап жатыр. Оған Ақжайықтағы осы сәт дәлел дер едім. Еліміздің Президентіне, онымен қоса облыс және аудан басшылығына зор алғысымды айтамын. Әрбір қазақстандық осындай жаңа пәтерлі болсыншы деп тілеймін, - деді Мадина Сейсенбайқызы.
Ауылдың ақсақалы, күні кеше бата беруден өткен облыстық додада жүлдегер атанған Сатқан Ахметжанов барша жиналғандарға бата беріп, елдің амандығы мен тыныштығын тіледі.
Облыс әкімі Нариман Төреғалиев су жаңа пәтер иесі атанған Райхан Құрмашеваның шаңырағына құтты болсын айта кіріп, кір жуғыш машина сыйға тартты.
Әділет Орынбасарұлы
Теректі ауданы