Ақжайық ауылдық округі көрсе көз тоятындай гүлденіп жатыр. Құрылыс қарқын алып, тұрғындар үшін айтарлықтай жағдай жасалуда. Ауыл халқының саны – 2 807.
Сәтін салса, жауын кездерінде аяқ алып жүре алмайтындай болған ауылішілік жолдар да теп-тегіс болады. Ұлы Отан соғысының ардагері, «Қызыл Жұлдыз», «Еңбек қызыл ту» ордендерінің иегері Мұрат Насимуллин атындағы және Бейбітшілік көшелеріне жол жабыны төселіп жатқаны сөзімізге дәлел болмақ.
Биыл ардагердің дүниеге келгеніне 100 жыл толып, аталмыш ауылдағы өзі тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды. Енді міне өмірі өнеге толы тұлғаға берілген көшеде жол құрылысы қыза түсті.
Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова, аудандық мәслихат төрағасы, «AMANAT» партиясы Теректі аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссияның төрағасы Әлжан Нұрғалиев, партияның аудандық филиал төрағасы Мирхат Ибраев Ақжайық ауылына жұмыс сапарымен барып, Мұрат Насимоллаұлы көшесіне аялдады.
Ауыл әкімі Болат Қадыралиев қарсы алып, жұмыс барысымен таныстырды. Автомобиль жолының жалпы ұзындығы 4,750 шақырымды құрайды. Аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары бөлімінің тапсырыс беру нәтижесінде мердігер «Ануш – Құрылыс» ЖШС іске кірісті. Жоба құны – 715,496 млн теңге.
Мердігер компания шебері Әскер Стамғазин:
– Жол салу жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Ешқандай мәселе жоқ. Қажетті материалдарда жетіп жатыр. Бірінші кезекте үлкен қиыршық тастарды төсеп қойдық. Жол пайдалануға 2025 жылы беріледі деп жоспарлап отырмыз, - деді өз сөзінде.
Аудан басшысы Әлия Биғазықызы құрылыс қарқынын үдетіп, сапалы аяқтауды тапсырды. Айта кету керек, көшелерге асфалтьпен бірге жаяу жүргіншілер жолы да салынады.
Ақтілек Әлібек
Теректі ауданы