23.07.2019, 11:02
Оқылды: 40

"Ақжайық" шипажайына баратын жол жөнделуде

Жайық өңірінің інжу-маржаны деп есептелетін "Ақжайық" шипажайына келушілер саны жыл санап артып келеді. Шипажай директоры Альберт Сафуллиннің айтуынша, 2018 жылы мұнда 3357 адам табиғат аясында демалып қана қоймай, тиісті ем-домдарын да қабылдап, шипалы сумен денсаулықтарын  түзеуге мүмкіндік алған екен. Сандарды сөйлетер болсақ, демалушылар легі 2017 жылғы көрсеткішке қарағанда 157 пайызға артыпты.

Akzhaik sanatory (3)

Тек қана Батыс Қазақстан облысының ғана емес, көршілес Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарының және Ресейдің шекаралас аймақтарының тұрғындары да көптеп келетін демалыс орнына жеткізетін жолдың сын көтермес жай-күйі айтылып келе жатқанына біраз жылдың жүзі болды. Биыл айта-айта жауыр болып, шипажай демалушылары үшін де, қызметкерлер үшін де осы уақытқа дейін қолайсыздық туғызып келген бұл мәселе биыл облыс басшылығы тарапынан оң шешімін тапты. Арнайы осы мақсатқа облыс қазынасынан 241 млн. теңге бөлініп, жол жөндеу жұмыстары басталып та кетті.

Akzhaik sanatory (1)

Жоба мердігері - "ДостықСпецТранс" ЖШС учаске басшысы Мақсат Мушалиннің айтуынша, жолшылар 7 шақырымдық кірме жолды жөндеуге 15 маусымнан бастап кіріскен. Бүгінгі таңда қажетті құрылыс материалдары жеткізілген, 43 техника жұмыс істеуде.

-Бөлінген қаржы ретімен игерілуде. Жөндеу жұмыстарын 1 қазанда аяқтаймыз деп межелеп отырмыз, - деді алдағы жоспарларымен бөліскен учаске бастығы.

Akzhaik sanatory (2)

- Аудандық маңызы бар жолдардың ұзындығы 288 шақырымды құрайды. Олардың тек 5 пайызы ғана жақсы жағдайда, 43 пайызының жай-күйі қанағаттанарлық, ал қалған 52 пайызының нашар күйде. Жол жөндеу туралы ұсыныстарымыз аудан, облыс басшылығы тарпынан қолдау тауып, биылғы 2019 жылы үш ауылдың кіреберіс жолы жөнделетін болды. Соның біреуі - "Ақжайық" шипажайына баратын 7 шақырымдық кірме жол.  Негізгі мақсатымыз - шипажайға келушілердің үздіксіз тұрақты жол қозғалысын қамтамасыз ету.

Сонымен қатар өңір басшысы Ғали Есқалиевтің тапсырмасымен облыс орталығына жақын орналасқан елді мекендердің кіре беріс жолдарын жөндеу мақсатында бесжылдық жоспар жасақталды. Алдағы уақытта осы жоспар бойынша жұмыстанатын боламыз, - деді Теректі ауданы әкімінің орынбасары Қуаныш Шарафутдин.

Айгүл Ахметова

Суреттерді түсірген

Динара Кендірбаева

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале