13.12.2024, 11:30
Оқылды: 353

Ақжайықта «Ән деп соққан жүрек» атауымен кеш өтті

Ақжайықта «Ән деп соққан жүрек» атауымен өткен әсерлі кеш арқылы биыл 70 жасын қарсылаған мәдениет саласының ардагері, әнші Дина Хасанова өзінің туған жер, өнерге деген шын сүйіспеншілігін жерлестеріне жеткізді.

IMG_5713

Шығармашылық бұл кешті аудандық та, облыстық та деңгейде өткізсе, керемет болар еді, дегенмен әнші өзі талай жылғы еңбегін арнаған Жайық ауылының шағын сахнасында өткізгенді қалады.

Өңірімізге танымал отбасылық ансамбль құрған Хасановтар жанұясының отанасы талай жыл Мәдениет үйде қызмет етіп, зейнетке шыққан.

Бүгінде ұл-қыздары ата-ана жолын қуып, өнер саласында өз орындарын тапса, тек қуалаған қасиет немере-жиендеріне де дарып, олар да ән, музыка саласында алғашқы қадамдарын жасап жатыр.

Бұл кеште алдымен Чапаев ауылдық округінің әкімі Биболат Зейноллин, ақын Сағынтай Бисенғалиев өздерінің жылы лебіздерін мерейжас иесіне арнап, сый-тартуларын табыс етті.

Жастарды өнерге баулығын Д.Хасанованың еңбегінің жемісі – осы концерттің шымылдығын оның шәкірті Қанат Имашев кеш иесі кезінде сахнаға алғаш көтеріліп орындаған «Арманымның ақ құсы» әнін әуелетті. Осыдан соң сахна төріне Д.Хасанова жетекшілік ететін жайықтық ақжаулықтылардың «Асыл әжелер» ансамблі мен өмірде де, өнерде де серіктес жары Мақсот Хасанов шықты.

IMG_5738

Олар Шәмші Қалдаяқовтың әндерінен попурри, халық әні «Замандаспен» көрермен көңілін шалқытты.

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, өнерлі отбасынан тәлім алған ұл-қыздары мәдениет саласында қызмет етуде. Солардың бірі – Мақсот пен Динаның тұла бойы тұңғышы, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағының иегері  Жаңылсын Хасанова. Ол шырқаған «Перзент парызы» әні ұрпағының ата-анаға деген шынайы махаббатын ақтарғандай әсерге бөледі.

Ал Жұмағаным Сырымова әуелеткен «Ақмаңдайлым» әні тыңдарманды қыр гүліне ғашық қылған жас күндеріне жетелеп апарғандай. Д.Ғабдірешқызы өнерде үзеңгілес жүрген әріптесі Ж.Сырымовамен бірге «Кешікпей келем деп ең», «Тамды аруы» ретро-әндерін орындап бергенде, жастықтың әдемі сазымен көптен қауышпаған көрермендері олармен қосыла шырқап, қошемет көрсетумен болды.

Концерт соңында аудандық мәдени-демалыс орталығының кәсіподақ ұйымының төрағасы Рахым Жанаисов игі тілегін арнап, аудан әкімінің міндетін атқарушы Ердос Үмітовтың құттықтау хатын табыс етті.

Сонымен қатар мерейгерге ықыласын сахна төрінен бірқатар жерлестері де жеткізді. Кемерінен асып төгілген көрерменнің қошеметіне, ыстық құрметіне ерлі-зайыпты Дина мен Мақсот Хасановтар шексіз ризашылығын арнады.

Әсем Есбек

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале