Қазақ – қай кезде де жетімін жалғыз қалдырмаған халық. Елімізде асыраушысыз қалған ұл-қызға пана болып, олардың балғын шағын бақытты етуге қолдан келгеннiң бәрiн жасайтын қамқоршылардың күні аталып өтетіні де сондықтан.
Ақжайық ауданында ата-анасынан ерте айырылған 23 баланы 20 жерлесіміз қамқорлыққа алған. Олардың 22-сі қамқоршыларына туған болып келсе, біреуін қамқоршысы балалар үйінен алыпты.
Атаулы күннің құрметіне аудандық білім беру бөлімі мен «Шуақ» аудандық әйелдер қоғамдық бірлестігі «Тұмар» мейрамханасында дастархан жайып, қамқоршыларды кең жайылған дастархан басына шақырды.
Балаларды жат көрмей, бауырына басып, мейіріміне бөлеген ардақты жандарға бұл басқосуда жылы лебіздер айтылып, зор қошемет көрсетілді. Қамқоршыларға аудан әкімінің атынан алғысхаттар мен сыйлықтар табыс етілді.
Шараға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ербол Есеналиев қатысты.
– Қамқоршылар күні – ерекше мереке, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеу сынды ауыр міндетті мойнына алған адамдарға құрметіміз әманда зор. Сондықтан бұл күн жылуға, қамқорлыққа және махаббатқа мұқтаж баланың болашағына жауапкершілік артылған адамдар мен отбасыларға алғыстың өзіндік көрінісі саналады. Ұл-қыздарды бауырға басып, қуаныш сыйлаған сіздерді жоғары бағалаймыз, - деді ол.
Әсем Есбек
Ақжайық ауданы