Көрісу айт күні Ақжайық ауданындағы Сағынғали Сейітов атындағы аудандық кітапханаға келген жанның қай-қайсысы да көктемнің лебін сезініп, ұлттық дәстүріміздің салтанат құрғанына куә бола алды.
Рухани шаңырақтың төрінен орын алған ата-әжелерімізге оқырмандар көрісіп, емен-жарқын көңіл-қош орнады. Салтымызбен бірге жасап келе жатқан көне мерекеге орай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұйымдастырған «Көрісу айт — ізгіліктің жаршысы» атты тағлымды шара осы сән-салтанаттың көркін одан бетер асырды.
— Бала күнімізде көрісу күнін ерекше күтетінбіз. Ауыл көшелері ала таңмен жарыса жүгіріп, үй-үйге көрісуге шыққан балаларға толатын, сөйтіп үлкендерден бата алатынбыз. Кеңес үкіметі кезінде көптеген салт-дәстүрлеріміз ұмыт болса да, халқымыз, әсіресе батыс өңірі осы бір көне мерекені ұмыт қалдырмады. Осылай болуы заңды да, себебі ежелгі салт-дәстүрімізден тамыр тартатын Көрісу айт барша халықты ырыс-берекені еселеуге үндейді, ауызбіршілік пен келісімді сақтауымызға шақырады. Мереке құтты болсын, жыл басын жақсы көңіл-күймен қарсы алайық, баршаңыздың отбасыларыңызға амандық-саулық тілеймін. Осындай мәнді шараны өткізіп, ауыл үлкендерімен жолығуымызға сеп болған рухани орда қызметкерлеріне жұмыстарыңыз жемісті бола берсін дейміз, — деді шараға арнайы келіп, ардагерлермен емен-жарқын әңгімелескен аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов.
Төрде жайылған дастархан ұлттық тағамдармен жайнап тұрды. Көже, бауырсақтан дәм татқан меймандар осы мерекенің құндылығын, шығу тарихы мен бүгінгі ұрпаққа берер ұлағатын жан-жақты әңгімеледі. «Бөбек» балабақшасынан бір топ бүлдіршіндердің шара ортасында келіп, арқа-жарқа көрісіп, өлең-тақпақтарымен құттықтағаны да сондай әсерлі шықты. Ата-әжелерінің алғысын алып, батасына қол жайған олар да дастархан басындағы тәттілерді олжалап, асық ойнап, шат көңілмен мәз болды.
«Мейрамға арнау» әнін кітапхана қызметкерлері Тұрсынай Сейтжанова мен Айкөркем Қартамбаева нақышына келтіре айтып берсе, Рысбек Жанайысов «Қазақтың салт-дәстүрлері-ай» әнін шырқады.
Шараның тізгінін қолына алған ардагер Құрман Бисеғалиев ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлеріміз туралы сауалдар қойып, шараға келген үлкен әжелер дәл жауабын лезде айтып жатты. Ақын Сағынтай Бисенғалиев мерекеге арналған өлеңін оқып берсе, Жайық ауылынан келген «Асыл әжелер» ансамблінің мүшелері лебіздерін арнады.
— Бүгін үлкен мереке, той! Ата-бабаларымыздың сөзімен айтқанда, ақ түйенің қарыны жарылған күн. Бұл мереке өскелең ұрпақты ізеттілік пен мейірімділікке, татулық пен бауырмалдыққа үйрететін құндылығымен ерекшеленеді. Жақсы күндер көп болып, еліміз аман болсын. Жылдан жылға аман жете берейік, — деді мәнді шараның түйінінде аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Роза Мұсағалиева.
Асыл Қайрат,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz