Өткен жыл Ақжайық ауданы үшін спорттық жетістіктерге бай болды десек, артық айтқандық емес. Жалпы, жастарды денсаулық кепіліне талпындыратын іс-шаралар індетке байланысты көрерменсіз, онлайн өтіп, елді мекендерде спорттың бұқаралығын арттыруда бірқатар жұмыстар атқарылды.
Жыл бедерінде жылт еткен жақсылықтардың ішінде Шымкент қаласында бокстан өткен республика чемпионатында 2001-2002 жылы туған жастар арасында Алғабас ауылының тумасы Даниял Сәбиттің жеңісін ерекше атаймыз.
Былғары қолғап шеберінің облыс пен ауданның атағын аспандатқан бұған дейінгі де жетістіктері орасан. Айталық, 2019 жылы Сербия елінің Суботица қаласында өткен Халықаралық турнирдің қола жүлдегері атанса, 2020 жылы Атырауда өткен 2002-2003 жылғы жастар арасында ҚР чемпионатында мерейі үстем болды. Бүгінде Даниял М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан унирвирсетінің І курс студенті. Данияр Елеусінов атындағы спорт мектебінде жаттығады.
Алғабаста дүниеге келген спортшы Зайреден Мұхамбетжанов былтыр Қостанай қаласында грэппингтен ерлер арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында І орынды қанжығасына байласа, Қызылорда қаласында өткен жарыста да балғын спортшыға тең келер жан болмады. Тараз қаласында күміс жүлдегер атанды.
Туған ауылдан түлеген тастүлектердің жеңісі алғабастықтардың мерейін асырды. Ілтипаттарын лебіз-тілекпен жеткізген ауыл тұрғындары қос спортшыға тосын сый жасады. Дәлірек айтсақ, ауылдың 1984 жылы туған азаматтары қос спортшыға тұлпар мінгізіп, қошемет көрсетті.
Сонымен қатар ауылдық округ әкімдігі атынан алғыс хаттар табысталды.
Әсет Бисенғалиев,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz