Орал-Атырау тас жолының 238 шақырымдық бөлігі Ақжайық ауданының территориясынан өтіп жатқандықтан жол-көлік оқиғасы жиі болады. Жыл басынан бүгінгі күнге дейін 18 адам қаза тауып, 23 адам түрлі дене жарақатын алған. Қара жолдағы қайғылы оқиғалардың басты себептері автокөлік жылдамдығын арттыру мен түнгі мезгілде трасса бойында малдың жайылуы. Айта кетер болсақ, биыл малдың жолға шығуы кесірінен 52 жол-көлік оқиғасы тіркелген.
Осынау оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында «Ақжайық өрендері» жастар қоғамдық бірлестігі аудан жастарымен бірлесіп, үлкен бастама көтерді.
-«Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы ауылдық үкіметтік емес ұйымдар мен бастамашыл жастардың белсенділігін арттыруға бағытталған жобасын облысымызда жүзеге асыру мақсатында «Жайық таңы» қоғамдық бірлестігі бес шағын грант бөлген-ді. Ақжайық ауданы бойынша жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған жоба жасақталып, 570 мың теңгенің грантына ие болдық. Бөлінген қаражатқа 2 жарым метр жарық шағылыстыратын лента сатып алып, аудандық ветеринария инспекциясының мамандарымен бірлесіп, ірі қара мойнына қарғы тақтық. Түнгі уақытта трассаға шыққан малдың мойнындағы лента автокөліктің жарығына шағылысып, жүргізушіге жылдамдықты азайту керектігін меңзейді. Сонымен қатар аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен тас жол бойына екі жол полициясы көлігінің макеті мен төрт сиырдың сұлбасын орнаттық. Бударин және Тайпақ ауылдарының маңына жыл басынан бері орын алған апатты оқиғалар мен қайғылы жайттардан хабардар ететін ақпараттық баннер орналастырылды, - дейді «Ақжайық өрендері» жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Асланбек Саламатов.
Рауан Сатыбалдиев
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер