Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған «Туған жер» бағдарламасы аясындағы істерге үлес қосу мақсатында Ақжайық тарихи-өлкетану музейі «Үздік экскурсовод-2018» байқауын ұйымдастырды.
Бұл шара мектеп музейінің жұмысына және өлкетану істеріне белсене араласып жүрген ұл-қыздарды қамтыды.
Қатысушылар өз ауылдарының тарихи-ескерткіш орындары, табиғаты, музейдегі дүниелер жайында әңгімеледі. Қазылар алқасы олардың әңгімелеп беру әдісіне, топ алдында сөйлеу мәнеріне, ақпараттық технологияларды қолдануына жіті назар аударды. «Экскурсовод – музейдің айнасы» тақырыбына оқушылардың ой-толғамдары тыңдалды.
Оқушылар Райхан Баконова (М.Әуезов атындағы мектеп), Диана Жұбандықова (Чапаев №1 мектебі), Мейірбек Рысқали (Қаршы мектебі), Айкөркем Шүкірғалиева (С.Ошанов атындағы мектеп), Эльзада Төлеуғалиева (Алғабас мектебі), Ақжарқын Науқанова (Бударин мектеп-бөбекжайы), Айдын Аманғалиев (Бітік мектеп-бөбекжайы), Айболат Халамғалиев (Тайпақ мектеп-гимназиясы) өздерінің ізденістерін танытқаны қуантты.
Шара қорытындысы бойынша будариндік А.Науқанова «Үздік экскурсовод-2018» жүлдесін жеңіп алды. І орынды С.Ошанов атындағы мектептен А.Шүкірғалиева, ІІ орынды алғабастық Э.Төлеуғалиева, ІІІ орынды қаршылық Мейірбек Рысқали еншіледі.
Юлия НҰРЛАНҚЫЗЫ,
музей экскурсоводы
Ақжайық ауданы,
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!