23.08.2026, 9:30
Оқылды: 11

Ақжайықта сайлау ұйымшылдықпен өтіп жатыр

Ақжайық ауданындағы сайлау учаскелерінде дауыс беру белсенді жалғасуда. Аудан тұрғындары ел өміріндегі маңызды саяси науқаннан шет қалмай, сайлау учаскелеріне отбасымен де, ұжымымен де келіп жатыр.

WhatsApp Image 2026-08-23 at 08.46.04(1)

Бударин ауылының тұрғындары бүгінгі сайлауға белсенділікпен қатысуда. Мұнда сайлау учаскесіне жеке-жеке емес, ұжым болып, отбасы болып келіп жатқан жұртшылық көп.

Мәселен, таңғы сағат тоғызда Бударин орман шаруашылығының бір топ қызметкері сайлау учаскесіне бірге келді. Күнделікті жұмыста бір мақсатқа жұмылып жүрген әріптестер бұл жолы да ел өміріндегі маңызды науқаннан қалыс қалмауды жөн санаған.

WhatsApp Image 2026-08-23 at 09.07.09

– Ұжым болып келуіміздің өзіндік мәні бар. Біздің мақсатымыз – тұрғындарға осындай маңызды саяси науқанға белсенді қатысудың үлгісін көрсету. Әр азаматтың пікірі маңызды. Сондықтан елдік іске бір кісідей атсалысуға шақырамыз, – дейді орман шаруашылығы ұжымының өкілдері.

Ал ауылдағы «Мейірім» аналар тобының мүшелері сайлау учаскесіне ұлттық нақыштағы киімдерімен келіп, көпшілікті тамсандырды. Ақ көйлек, камзол киіп, ақ орамал таққан аналардың ажарлы келбеті сайлау күніне ерекше сән бергендей.Ауданның өзге елді мекендерінде де осындай белсенділік байқалады.

Жанама ауылындағы №35 сайлау учаскесіне алғашқылардың  бірі болып күні кеше 18 жасқа толған ең жас сайлаушы Жандәулет Ерсайын келді. Жамбыл ауылында Тағыберлиевтар отбасы сайлау учаскесіне бірге келіп, азаматтық белсенділіктің отбасылық үлгісін көрсетті. Ал Үштөбе ауылында 88 жастағы Зәмзәм Шалабаева да жанұясымен  учаскеден табылды.

WhatsApp Image 2026-08-23 at 08.46.05

Көнеккеткен ауылындағы Жағалау көшесінің тұрғындары да ұйымшылдығымен ерекшеленді. Көше тұрғындары бір мезетте төрт көзі түгел сайлау учаскесіне жиналып, бюллетеньдерін жәшікке салды.

Ақжайықта Құрылтай депутаттарын сайлау осылайша ауызбіршілік пен азаматтық белсенділік аясында жалғасып жатыр.

Әлия Шарапиева 

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале